Түркістан облысы: Сайрам ауданының экономикасына 29,2 миллиард теңге инвестиция тартылды

Бүгін Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға тапсырылды. Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.

– Өңірде әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа спорт кешені ауданның спорт саласының дамуына серпін береді деп ойлаймын. Осы ғимараттан ел чемпиондары шыға берсін! – деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиында ауыл ақсақалы Ә.Байназар, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, даңқты бокс бапкері Мырзағали Айтжанов сөз алып, Мемлекет басшысының және облыс әкімдігінің қолдауына алғыс білдірді.

Заманауи талаптарға сай ғимараттың лентасы қиылып, облыс әкімі ауыл тұрғындарымен бірге спорт кешенін аралап шықты.

Нысанның құрылысын Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен «НурТехСервис» ЖШС 2023 жылы бастаған болатын. Ғимарат Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт есебінен бой көтерді. 2 қабатты нысанның жалпы ауданы – 646 шаршы метр. Кешен 3,2 гектар аумақта орналасқан.

Нысанда спорт залдар, жаттығу залы, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, қоймалар, қызметкерлерге арналған кабинеттер, дәрігер кабинеті, процедуралық бөлмелер қарастырылған. Кешенде жастардың гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетикамен шұғылдануына барлық қажетті жағдай жасалған. Спорт кешенінде күніне орта есеппен 60-70 адам жаттыға алады.

Иә, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қалаларға жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы Сайрам ауданындағы бірнеше нысандарды ашып, ел қуанышымен бөлісті. Одан кейін аудан активімен кездесіп, Сайрам ауданын дамыту жолдарын талқылады.

Өңір басшысы ауданның әлеуеті толық қолданылмай отырғанын сынға алып, кемшілікке жол берген басшылар мен ауыл округі әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Жауапты тұлғаларға ескерту жасап, олқылық жойылмаса, шара көрілетінін жеткізді.

– Жол жөндеу, инвестиция тарту, кірістер көзін ұлғайту, салық жүйесіндегі кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Нақты міндеттерді орындау кезінде ауылдық округ әкімдеріне салғырттыққа жол беруге болмайды. Осыған байланысты, 10 күн ішінде әр ауылдық округ кесіндісінде 2025 жылға жоспарланған жобалар бойынша нақты мерзімдерін көрсете отырып, салалық басқармамен келісіп, Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Мемлекеттік міндеттерді орындауға салғырт қараған әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескертемін, – деген Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы атқару керектігіне де тоқталды.

Мәжілісте Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың есебі тыңдалды. Сонымен бірге басқарма басшылары өз салалары бойынша индикаторлардың орындалуына қатысты баяндама жасап, жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды. Облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.

Айта кетейік, Сайрам ауданында 5 айдың қорытындысына сәйкес жалпы өңірлік өнім көлемі 113,9 миллиард теңгеге жетіп, өсім 32,6%-ды құрады. Жалпы өнімнің 32,9%-ы — ауыл шаруашылығының, 26,8%-ы — өнеркәсіп саласының үлесінде. Ағымдағы жылдың қорытындысына сәйкес жалпы өңірлік өнім көлемін 354,0 миллиардтеңгеге жеткізіп, 13,4% өсімді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында 5 айда 37,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,1% деңгейінде болды. Өсімдік шаруашылығында 1,6 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 35,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Жалпы, биыл агроөнеркәсіп кешені саласында өнім көлемін 160,0 миллиард теңгеге жеткізу межеленген.

Аудан экономикасына 29,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, былтырға қарағанда өсім 2,4 есеге жетті. Тартылған инвестицияның 73,6%-ы жеке инвестицияның үлесіне тиеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You