
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапары аясында жаңа өндірістік аймақтардың құрылысымен танысты.
Инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды алаңдар кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да зор мүмкіндік туғызып отыр.
2024-2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен арада меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді, сонымен бірге өңір халқы үшін тұрақты табыс көзіне айналады.
– Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция. Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі, – деді Нұралхан Көшеров.
Сапар аясында облыс әкімі алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағына барды. Мұнда 9 гектар аумаққа 24 жоба орналаспақ. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер жобасын бастап кеткен. Аталған аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады.
Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 миллиард теңге, ал ашылатын жұмыс орындары 600-ден асады.
10 гектар жерге орналасқан Қарашық өндірістік аймағында 20 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылысқа кірісті. Бұл аймақта есік-терезе мен желдеткіш құбырлар, резеңке жабын мен пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны – 4,5 миллиард теңге, жұмыс орындары – 170.
Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. Бес гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім өндіріп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Ал «ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына жөнелту үстінде. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Шикізат материалдар Түркиядан жеткізіледі, ал жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, біліктілігін арттыруда.
Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025-2030 жылдар аралығына жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да инвестициялық жобалар қатар жүріп жатыр.
Тек Иассы ауылдық округінде орналасқан өндірістік алаңның өзінде 24 жоба іске қосылуға дайын. Аумағы 9 гектар болатын бұл алаңда жиһаз өндірісі, спорттық құрал-жабдықтар, жол белгілері, тігін шеберханалары, қағаз өнімдері цехы сынды кәсіпорындар жұмысын бастайды. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 миллиард теңге, жаңадан 600-ден астам жұмыс орны ашылады.
Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар аймақтағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашып келеді. Жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етіп жатыр.
Атап өтерлігі, өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысының индустриалды аймақтарында жалпы құны 130,3 миллиард теңге болатын 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Аталған жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен іске асырылып жатыр. Бүгінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмысқа орналасып, 2 миллиард теңгеден астам салық облыс бюджетіне түсті.
Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында және Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Бұдан бөлек, тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілу үстінде. Жаңа өндірістік алаңдар арқылы әрбір аудан мен қалада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау һәм инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі мақсат.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы жаңа индустриалды аймақтардың құрылысымен танысты. Атап айтқанда, Иассы, Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінде өндіріс алаңдары салынуда.
Өндірістік аймақтарды аралау барысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
