
Шежірелі Созақ өлкесінің өнеркәсіптік әлеуеті жоғарыі. Себебі Қаратау баурайы пайдалы қазбаға бай. Ел көлемінде уран өндірісі бойынша көш керуенін Созақ ауданы бастап тұрғаны өтірік емес.
Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен ауданға қарасты 5 елді мекенде жалпы саны 12 жоба іске асқан. Оның ішінде 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шолаққорған ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, биыл ел игілігіне беру жоспарда бар. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында биыл 25 маманға 9,8 миллион теңгеге бір реттік көтерме жәрдемақы берілсе, 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 76,6 миллион теңге беру жоспарланып отыр.
Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім байқалады. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 15,3 пайызға өскен. Өнеркәсіп саласы бойынша өнім 15,8 пайызға артқан. Созақта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, салаларында оң нәтиже бар. Ауданға тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 240,4 миллиард теңгені құрады. Ауданның кезекті даму көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары атқарылған. Алайда жоспарды толық орындамаған ауылдар да жоқ емес. Бұл бойынша жергілікті ауыл әкімдері жүйелі жұмыс жүргізу тиіс екендігін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сәуір айында Созақ ауданы халқымен кездескен уақытта ескерткен болатын. «Кемшіліктер де аз емес, аталған түйткілдер шешілмесе өлкенің дамуына кері әсерін тигізеді. Сол себепті мен жауаптыларға айтылған мәселелер төңірегінде тиянақты жұмыс жүргізуді міндеттеймін» — деген болатын сол тұста.
Шолаққорған ауылында 900 орынға шақталған «Жайлы мектеп» салынуда. Білім ошағын биыл мамыр айында пайдалануға беру көзделуде. Жоба құны 6,7 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы биыл маусым айында аяқталып, ел игілігіне беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 жоба іске асып, жалпы 12 көше орташа жөндеуден өтуі үшін тиісті қаржы қаралды.
«Бүгінгі күннің ауқымды мәселесі «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы атқарылуда. Бұл – уақытша науқан емес. Аталған маңызды жоба жыл бойы өз жалғасын табады. Сондықтан тұрғылықты мекенімізді таза ұстау негізі міндет деп білемін. Жергілікті тұрғындарды тазалық шаралары мен көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын. Бүгін тұрғындар көтерген мәселелер бюджетке сәйкес кезең-кезеңімен орындалады, – деген Нұралхан Көшеров мамандарға ауданның әлеуетін көтеру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған.
Жалпы Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар жеткілікті, ал биылғы жоспарлар легімен одан да көп. Айталық, өткен жылы аудан аумағын абаттандыру мақсатында «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы ұйымдастырылып, Жартытөбе ауылдық округі жүлделі 3-орынға жайғасты. Нәтижесінде мұнда «streetworkout» балалар алаңының құрылысы басталып, биыл мамыр айында пайдалануға берілді.
Айтпақшы, Жартытөбе ауыл округінің тұрғындарымен кездесуінде аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков: «Биыл көптеген маңызды жобалар іске асырылады. Әсіресе, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды назардан тыс қалдырмаймыз. Әрбір ұсыныс, әрбір талап — біз үшін үлкен жауапкершілік», — деген болатын.
Биыл Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бабата елді мекеніндегі атауы жоқ №1 және Аққолтық елді мекеніндегі атауы жоқ №6 көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Бабата елді мекенінде орналасқан Жібек жолы көшесіндегі су өткізгіш құбырды жөндеу жоспарлануда. Жартытөбе ауылынан жабық шағын футбол алаңы, Аққолтық елді мекеніндегі Арқабаев көшесі жарықтандырылып, Жартытөбе және Бабата елді мекенінде балалар ойын алаңшасы және “Street workout” алаңшалары орнатылады. Коммуналдық саланың тиімділігін арттыру мақсатында қосымша техникалармен толықты.
Сонымен қатар Таукент кентінің инфрақұрылымы да жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Ағымдағы жылы кенттегі бірнеше көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Тәуелсіздік, Болашақ, Мәңгілік және Көкбұлақ көшелерінің орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, көп қабатты үйлердің аулаларындағы автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардың талап-тілектері негізінде атқарылған жұмыстардың бірі — Тойшыұлы, Кіші Коттедж және Көкжиек көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының толық аяқталуы. Жыныс ата мен Кеңесбаев көшелерінде жаңа электр бағаналары мен желілерін орнату, қосалқы электр станциясына жөндеу жұмыстары да жоспарланған.
Ағымдағы жылы жылу жүйесіне де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кент ішіндегі барлық көшелер 100% жарықтандырылатын болады. Сонымен қатар, жаңа мультимедиялық арка орнатылып, қосымша коммуналдық техникалар сатып алынып, тиімділік арттырылуда.
Сонымен қатар биыл Шу ауылдық округінде қатты-тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон мен ұсақ малдарды тоғытатын нысан салынады. Жабық үлгідегі шағын футбол алаңы салынып, Абай және Салкауов көшелері асфальтталады. Мұқанов, Иманов және Сатбаев көшелеріне қиыршық тас төселіп, жөндеу жүргізіледі. Көше атауы тақтайшалары мен электр бағандары сәндік жарықпен безендіріледі. Кіші футбол алаңы жөндеуден өтеді. Ауыл кіреберісіне арка орнатылып, орталық саябақ абаттандырылады.
Осы ретте Созақ ауданына соңғы 5 жылда алғаш рет 1 миллиард 380 миллион текше метр су келгенін ерекше атап өткен жөн. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 миллионға көп. Ең алдымен, Тасөткел су қоймасы жөнделіп, сыйымдылығы 450 миллион текше метрден 620 миллионға дейін ұлғайтылды. Бұл Созақ ауданына қосымша 200 миллион текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.
Бұл жөнінде көктемнің кезінде ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен өткен кездесуде айтып өтті. Сондай-ақ аймақты сумен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Біздің министрлік Созақ ауданына тұрақты түрде су жіберуге ниетті. Ол үшін бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл Шу өзенінің суын сауатты бөлу мен реттеудің нәтижесінде Созақ ауданына су әдеттегіден 1 айға ерте келді. Қазірдің өзінде өткен жылдан 300 миллион текше метрге артық су жібердік. Біз бұнымен тоқтамаймыз. Мамыр айына дейін секундына 85 текше метрден су жіберуді жоспарлап отырмыз», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жуантөбе ауылының аумағында өткен жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және су шаруашылығы мамандары қатысты.
Жиында Фурманов каналының жай-күйі де сөз болды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков 120 шақырымдық айналма каналдың құрылымын қалпына келтіру, тазарту және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқандығын мәлімдеді. Бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында екенін және аталған жұмыс шілде айында басталатындығын да атап өтті.
Су мәселесі қозғалған соң, айта өтейік, Құмкент ауылдық округінің тұрғындары көптен бері көтеріп жүрген «Жылыбұлақ» каналының құрылысы аяқталып, егіс алқаптарын суландыру мәселесі оңтайландырылды. Бұл ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, биыл Құмкент ауылында және Қызылкөл елді мекенінде жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Абай, Есіркепұлы, Қызылқанат және Жамбыл көшелері, сондай-ақ Уәлиханов және Ш.Беркинбаев көшелеріне асфальт төселеді.
Құмкент ауылы мен Қызылкөл елді мекенінің орталық көшелерінде жарықшамдар орнатылып, халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етіледі. Ал Құмкент ауылынан талапқа сай жабық шағын футбол алаңы бой көтеретін болады. Құмкент ауылы мен Қызылқанат елді мекеніне балалар ойын алаңдары салынады.
Өткен жылы Құмкент ауылдық округі тұрғындары көптен бері көтеріп жүрген «Жылыбұлақ» каналының құрылысы жүзеге асырылып, канал толықтай іске қосылды. Бұл жоба ауылдың егіс алқаптарын суландыру мәселесін оңтайландырып, ауыл шаруашылығы саласына оң өзгерістер әкелді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Құмкент ауылына жасаған жұмыс сапары барысында «Жылыбұлақ» каналының құрылысымен танысты. Каналдың бастау алған аумағында болып, жобаның сапасын бақылуына алды. 8 шақырымнан астам қашықтыққа орнатылған каналды іске қосудың ауыл тұрғындары үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
Қуанышты сәтте ауыл қариялары да өз алғыстарын білдіріп, бұл жобаның ауыл үшін үлкен жетістік екенін айтты. «Бұл көптен бері көтерілген маңызды мәселелердің бірі болатын. Жергілікті диқандар үшін үлкен жеңіс, себебі ала жаздай ризық-несібесін жерден терген шаруалар үшін бұл істің маңызы зор», – деді ауыл қариялары.
Айта кетейік, «Жылыбұлақ» каналының іске қосылуы 750 гектар суармалы жердің игерілуіне мүмкіндік берді. Бұған дейін бұлақ суы жерге сіңіп, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету айтарлықтай қиындықтар туғызған. Бірақ ендігі жерде бұл мәселе толықтай шешіліп отыр.
Ал Тасты ауылдық округі әкімінің жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы басталды. Сонымен қатар, Тасты ауылында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон және А. Бейсенбаев көшесіндегі жабық футбол алаңының құрылысы қолға алынуда.
Тастыдан Қылти елді мекеніне дейінгі автомобиль жолының құрылысы толық аяқталады. Сейфуллин, Наурыз, Бауыржан және Амангелді көшелеріне орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстары жүргізілмек. Ал Бейсенбаев, Амангелді және атауы жоқ №1 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Амангелді, Жібек жолы көшелері мен Қырық кепе жарықтандырылады. Мәулен ата көпірі ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, балалар ойын алаңшасы мен «Street workout» алаңы салынып, “Мен өз елімді жақсы көремін” атты монумент орнатылады.
Сонымен бірге биыл Қыземшек кентінде 1 миллиард теңгеден астам қаржыға ірі жобалар іске асырылмақ. Аталған жобалар аясында кенттегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық және абаттандыру бағытындағы бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынады.
Атап айтқанда, Шолақ-Еспе су тарату желілері мен резервуарлар, жылу жүйесі мен жылу қазандықтары және мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Орталық көшеде шағын футбол алаңы салынып, №22 және №23 үй аулаларында балалар ойын алаңшалары орнатылып, көркейту және көгалдандыру жұмыстарына басымдық беріледі.
№21 үйдің артында орналасқан аллея жөнделіп, жаяу жүргінші жолы төселеді. 40 шаршы метр аумақ қоршалып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Әкімдік ғимаратының жанынан тағы бір шағын футбол алаңы бой көтермек.
Сондай-ақ №20 үйдің алды мен Шұғыла көшесіне балалар ойын алаңшалары орнатылады. Жаяу жүргізушілер жолағы мен баскетбол алаңына, сондай-ақ орталық саябақ алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. №20 үйдің артында орналасқан аллея да абаттандырылады.
1 және 2 мөлтекаудандардағы бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектепке апаратын жолға арнайы велосипед жолағы және жол белгілері орнатылады.
Биыл Жуантөбе ауылдық округінде бірқатар жобалар жүзеге асырылып, кешенді дамытуға басымдық берілуде. Атап айтсақ, арнайы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орынға апаратын жол ағымдағы жөндеуден өткізіледі (қиыршық тас төсеу), Абылайхан көшесінде орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі, Қ.Омарұлы көшесінде жабық футбол алаңы салынады, ауылда учаскелік полиция пунктінің құрылысы басталады, ауылдық клуб ғимараты жөндеуден өтеді, «Бәйтерек» кешені қайта жаңғыртылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, атауы жоқ көшеге жарықтандыру жүйесі тартылады, Ә.Жақсыбайұлы және Төле би көшелеріне аяқ жол (тротуар) төселеді, «Шаңырақ» нысанына Құрмет тақтасы орнатылады, Орталық саябақ абаттандырылып, демалыс аймағы жасалады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
