
Өңірлерде балық шаруашылығын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы тұста Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Fish House» ЖШС-не арнайы барып, жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров аудан әкіміне балық шабақтары жіберілген арнайы бассейндерді көрсетіп, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.
Бүгінде кәсіпкер балықтың сазан және форель түрлерін уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре балығын өсіруді қолға алған. Шаруашылыққа тартылған инвестиция құны – 400 миллион теңге. Арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель, 3 тонна бекіре тұқымдас балықтар жіберілген. Мұнда бүгінде 50-ге жуық ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар қожалық иесінің жеке қаржысы есебінен жол бойына заманауи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға беру жоспарланған екен.
Кәсіпкердің сөзінше, форель балығы салқын кезде арнайы орында өсіріліп, күз мезгілінде ашық бассейнге жіберіледі. Сондай-ақ, ол ауданға келуші туристерге балықтың бірнеше түрін ұсынып, этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізетінін жеткізді. Бүгінде тоған айналасына ерекше жеміс ағаштарын егіп, абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Тағы бір атап өтер жайт, Төлеби ауданындағы тігін цехы жылына 250 мыңға тарта арнайы жұмыс формасын тігуге қауқарлы. Бүгін аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жергілікті кәсіпкерлік нысандарының бірі тігін цехын аралап, жұмыс жүйесімен танысты. Мұнда тұрғындарды жұмыспен қамту, отандық өнім өндіру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шағын және орта бизнес нысандары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні анық.
Айта кетейік, кәсіпорын арнайы жұмыс киімдерінен бөлек тігін бұйымдарын жасауды қолға алған. Бүгінде цехта 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда қызметкерлер арнайы киімдер мен тұрмыстық бұйымдарды тігіп, сапалы өнім шығарып жатыр. Жұмысшылардың орташа айлық жалақы мөлшері 120 000 теңгені құрап отыр. Кәсіпорында жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Мұнда тігілген формалар еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресей мемлекетіне жөнелтіледі.
Аудан басшысы жұмысшылармен кездесіп, жұмыс жүйесін бақылады. Кездесу барысында кәсіпкерлік бағытындағы бастамаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
