
Түркістан облысында инвестициялық климат қалыптасқан. Өндіріс саласы жаңа қарқынмен дамып келеді. Бұл өзге өңірлерге үлгі екені анық.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қарқынды жұмыстар жалғасып келеді. Жұмыс нәтижелері еліміздің өзге өңірлерінің қызығушылығын арттыруда.
Өңірдегі жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асыру барысымен танысу, тәжірибе алмасу мақсатында еліміздің өзге өңір делегацияларының Түркістан облысына іссапары жалғасып жатыр. Бұл жолы Маңғыстау облысынан келген жұмыс тобы аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетімен танысып, маңызды ақпараттар алды.
Екі күнге жоспарланған сапардың алғашқы күні жұмыс тобы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовпен кездесіп, өңіраралық әріптестікті нығайту, даму бағдарламалары жөнінде талқылады.
Сонымен қатар шаһардың тарихи-мәдени орталығына экскурсия жасап, «Ұлы дала елі» мұражайы, Қ.А.Ясауи кесенесі, «Күлтөбе» ескі қалашығымен танысты.
Іссапардың екінші күні «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалғасты. Кейіннен маңғыстаулық делегация шағын өндірістік парк аймағында болып, «Жасыл Суық Қазақстан» ЖШС, «Aqniet Holding» ЖШС, «BNK Group» ЖШС, «Daulet Holding» ЖШС, «Тұран Су» ЖШС-дегі жұмыс барысын бақылады.
Осы күні жұмысшы топ Ордабасы, Сайрам ауданындағы өндіріс орындарында, жылыжайда болды. Жұмыс барысына қаныққан маңғыстаулық делегация Түркістан облысының табысты тәжірибесін өз өңірлерінде ендіруге ниетті.
Айта кетейік, облыста негізгі инвестициялық алаңдар ретінде 15 индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. АЭА қатысушыларына әкімдік тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта АЭА-да 129 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 95-і іске қосылған.
Осы ретте атап өтер тағы бір жайт, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шара жоспары бойынша бекітілген жарлығына сәйкес Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу көзделген. Бүгінде Сайрам ауданында құрылысы жүріп жатыр. Аталған стратегиялық нысанның құрылысы қалай жүріп жатыр? Қандай мәселелер бар? Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы сұрақтарға қатысты жиын өткізіп, жауапты басшылар мен тұлғалардың есебін, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
– Бұл – аса маңызды жоба. Уақтылы әрі сапалы атқарылуы тиіс. Жұмысшылар санын көбейтіп, жобаны жандандыру қажет. Облыс әкімдігі тарапынан толық қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.
«Түркістан БГҚ» ЖШС басшылығының хабарлауынша, инфрақұрылым тарту, газ, электр жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда. Қажетті жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізу шаралары да қатар атқарылуда. Акционері – «Самұрық-Қазына» АҚ. Бүгінде бетондау жұмыстары 64 пайыз орындалды. Металл конструкцияларды монтаждау бойынша жұмыстар 9,2 пайызға атқарылған. Қажетті құрал-жабдықтары мен металл конструкциялары жеткізілуде. Жиында өзге де мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
