Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров атап өтті.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 миллиард теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр. – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.

Түркістан облысына инвестиция тарту һәм өңір экономикасын дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері мен салаға жауапты мамандар қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Jinhao Group», «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» компанияларымен құрылыс саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге жаңа технологияларды тарту бағытында тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

Инвесторлар облыс аумағында капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты.

«Jinhao Group» — Қытайдың Харбин қаласында орналасқан энергия үнемдейтін және оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндіретін ірі әрі әртараптандырылған компания. Оған қоса ұйым ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жобалау, өндіріс, сату және монтаждау бағыттарын да қамтиды. Жалпы, компанияның құрылымдық бөлімшелері энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар және жасыл құрылыс салаларында жұмыс жүргізеді.

Қос тарап өкілдері өңірде құрылыс индустриясы бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Түркістан индустрилды аймақтарындағы кіші өнеркәсіп алаңдарының мүмкіндіктерімен танысты.

Алдағы уақытта тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келіссөздер жалғасатынына сенімдіміз.

«Turan» арнайы экономикалық аймағы демекші, түнеугүні Түркістан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков келді. Іссапар барысында вице-министр облыстық әкімдік өкілдерімен бірге өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.

Ең алдымен вице-министр «Turan» арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, текстиль кластерін іске асырып жатқан «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің өндірісімен танысты. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Жоба құны – 146,8 млрд теңге. Қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр мата, 7 млн дана жиын­тық төсек бұйымын шығарады. 4 000 жұмыс орны құрылады. Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. Өткен жылы қанатқақты жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектарға жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, гектарынан 60 центнерден өнім жиналды. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясын қолдану есебінен ағын су 2 есе үнемделді. Осы жылдың соңына дейін мақта өңдеу және жіп иіру фабрикасы іске қосылады. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.

Тарқата айтсақ, облыс әкімдігі қытайлық «Lihua» компаниясымен бірлесіп, Түркістан қаласында мақта өңдеу кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба бойынша мақта өңдеуден да­йын бұйым шығаратын толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді.

Өңірдің демография­лық өсімі жоғары, яғни 2 миллионнан астам адам тұрады. Халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Негізгі кәсібі — ауыл ша­руашылығы. Облыс елімізде мақта өсіре­тін жалғыз өңір. «Біз арнайы сарапшылармен талдау жасадық. Мақтаны дәстүрлі әдіспен игеру есебінен гектарынан 25 центнер жиналған. Яғни өнімділік төмен. Оның үстіне суды көп тұтынады. Осыған орай жаңа әдіспен заманауи технологияны қолдана отырып, мақта-тоқыма кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл орайда жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып жатыр. Қуаттылығы жылына 229,5 мың тонна, 7 000 жаңа жұмыс орны ашылады», — дейді өңір басшысы Нұралхан Көшеров.

Сонымен қатар вице-министр «ER-QAN GROUP» ЖШС полиэтилен пакетін өндіру өндірісімен танысты. Жоба орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығарумен айналысуда. Жобаны жеке инвестор жүзеге асырып, 4 миллиард теңге инвестиция салды. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес. Қазір полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да жол ашады. Мұндай жобалар Түркістан облысының экономикалық жағдайын жақсарта түседі.

«Қазіргі таңда Түркістан облысы – жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан өңір. Әрбір жаңа жоба – экономикалық өсімге үлес қосатын маңызды бастама. Осы жобаның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Біз инвесторлар мен кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Жаңа өндіріс орны өркендеп, облыс экономикасына мол үлес қоса берсін», – деген-ді облыс басшысы Нұралхан Көшеров аталмыш зауыттың ашылу рәсімінде.

Зауыттың жобалық құны — 4 миллиард теңге. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

Айта кетейік, биылғы 10 айда облыстың негізгі капиталына 1 178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы, облыста 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Сонымен қатар Сауран ауданында орналасқан өндірістік аймаққа барып, онда іске асырылып жатқан өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын «UBC Group» ЖШС және пластмас өнімдерін шығаратын «Sauran plast» ЖШС қызметтерімен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті.

«UBC Group» басшылығы 2023 жылы өндірістік алаңдарын Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдап, жаңа зауыт салу үшін орын іздей бастаған болатын. Түркістан облысының әкімдігімен тиімді жұмыс істеу нәтижесінде Түркістан шаһары таңдалған. «UBC Group» сусындар мен азық-түліктерге арналған тоңазытқыш жабдықтарын өндіру, жарнамалық материалдарды әзірлеу және өндіру, жабдықтар мен техникалық процестерді жобалау және монтаждау, тоңазытқыш жабдықтарын жаңарту және қызмет көрсету, тауарлары мен қызметтерін сату сияқты бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді.

Ал «Sauran plast» ЖШС қызметіне келсек, мемлекеттік грант көмегімен іске асырылған жобалардың бірі – Сауран ауданындағы «Sauran plast» өндіріс орны. Өткен жылы грант алған «Sauran plast» ЖШС-ның ­басты мақсаты – өңірде және елімізде пластик қалдықтарын қоршаған ортаға зиянсыз түрде қайта өңдеп, оларды өндірістік ресурсқа айналдыру. Жоба аясында ПВД және ПНД гранулаларын өндіріп, одан әрі қайта өңделген шикізаттан экологиялық қаптама – қоқыс қалталарын шығару көз­делген. Қалдықтарды басқару са­ла­сындағы экологиялық талаптарды орындай отырып, полигонға түсетін пластик көлемін азайту және импортқа тәуелділікті төмен­дететін отандық өнім шығару­ды көздеген кәсіпорын ай сайын ­50 тоннаға дейін пластик қалды­ғын қайта өңдеу мүмкіндігіне ие. Өз өнімін «Tur Sapa» брендімен на­рыққа шығаратын компания­ның қоқыс қалталары бүгінде еліміз­дің барлық өңіріне жеткізіледі және сауда желілерінде сатылады. Алдағы уақытта өнімді экспорттау мақсатында Ресей Федерациясы, Қырғызстан Республикасымен алдын ала келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласындағы «Turan mall» көпсалалы кешенінде болып, ғимарат жұмысымен танысты. Екі күндік жұмыс сапарының қорытындысында облыс орталығында Түркістан облысының ірі импорттаушылар және сауда саласында қызмет атқаратын бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өтті. «Ұлы дала елі» орталығында өткен кездесуге жалпы 100-ден астам кәсіпкер қатысып, саладағы өзекті мәселелер талқыланып, тікелей сұрақтар қойылды.

Сапар соңында Ордабасы ауданындағы индустриалды аймаққа барып, онда «Altyn bricks» ЖШС-ның құрылыс материалдарын өндіретін жобасымен және «Central Asia aluminum» ЖШС-ның алюмин өнімдерін өндіретін жобасымен танысты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You