Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардың дамытуға күш салынып жатыр

Түркістан облысында жалпы құны 130,3 миллиард теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба индустриалды аймақтарда жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында тұр. Қазіргі таңда жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, облыс қазынасына 2,1 миллиард теңге салық түсті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Turkistan» индустриалды аймақтарындағы жобалар мен олардың жүзеге асу барысы жан-жақты қаралды. Жиында әкім индустриалды аймақтарды кеңейту мен жаңадан құрылатын өндірістік алаңдарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Индустриалды аймақтар – аймақтың экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нәтижелі жүргізуді талап етемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Сонымен қатар әкім индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи талаптарға сәйкестендіру қажеттігін де атап өтті.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Қазіргі уақытта тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – әрбір аудан мен қалада өндірістік алаңдарды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамытатын инфрақұрылым құру.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәжіліс барысында сала бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндады. Жобалар аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалар арасында тығыз үйлесімде жүзеге асырылуда.

Индустриалды аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалардың көпшілігі құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар тиісті индустриалды аймақтарға енгізілді.

Өндіріс демекші, Ордабасы ауданының Бөржар ауылында жылына 14 мың тонна ұн өнімдерін өндіретін кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. TOO «Keruen Products» өндірістік бірлестігі макаронның 10 түрін және тез дайындалатын кеспе түрлерін шығарып, 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Жалпы 5,5 гектар аумақта орналасқан бұл өндірістік жоба іске қосылған соң жергілікті бюджеттің кіріс көлемін арттырады деп күтілу үстінде.

Өңір экономикасына айтарлықтар әсерін тигізетін нысан құрылысымен танысу үшін аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы барып, жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ, Азат Абдіғалиұлы Бадам ауылында бой көтеріп жатқан 250 орындық Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын қадағалады. Сонымен қатар, жауапты мамандармен бірге Ұялыжар ауылындағы Абай көшесіндегі аяқжол салу, Сәтбай Болыс көшесіндегі асфальт төсеу, Қайнар елді мекеніндегі трансформатор орнату мәселелерін зерделеді. Одан бөлек, Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мектеп құрылысының барысын бақылап, жұмыс барысындағы бірқатар кемшіліктерге ескертулер жасап, жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You