Түркістан облысындағы индустриялық аймақтарда жалпы құны 39,5 миллиард теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылды

Түркістан облысында индустриялық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыс аумағында жалпы 1 951,2 гектар жерді қамтитын 20 индустриалды аймақ құрылған. Осы аймақтарда жалпы құны 39,5 миллиард теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 609 жаңа жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар алдағы уақытта жалпы құны 90,8 миллиард теңгеге 47 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, бұл 3 212 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 2025 жылы индустриялық аймақтарда 14 жоба іске қосу жоспарланған болатын. Бүгінгі күні олардың 4 жобасы жүзеге асырылып, қалған 10 жоба жыл соңына дейін іске қосылуы күтілуде.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап өтті. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру болып табылады. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Бұл қадам жаңа жұмыс орындарын ашуға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 

Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 миллиард теңгені құрайды.

Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктер бар. Жергілікті билік инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшалар ұсынылды. Нәтижесінде бірнеше маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткізілді.

Индустриалды аймақтарда құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылу үстінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You