
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Оңтүстік Корея мемлекетінен келген инвестор Со Вон Енмен кездесті. Тараптар әріптестікті нығайту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру бойынша келіссөз жүргізді. Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды.
– Өңірде инвестиция тартуға басымдық беріліп отыр. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда. Облыста 20 индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақтар да жұмыс істеп тұр. Корея Республикасымен бірлесіп, Түркістанда ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орны ашылды. Өзара түсіністік пен байланыс бар. Әріптестікті тереңдетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, өңірде инфрақұрылым мен өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы, білім беру мен денсаулық сақтау салалары бойынша жүзеге асырылған және енді қолға алынатын жобалар таныстырылды.
Екі тарап инфрақұрылым – соның ішінде жол, энергетика, әлеуметтік инфрақұрылымдар және өңірдің дамуына инвестиция тарту, шетелдік компаниялармен әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылады.
Бизнес демекші, реті келгенде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грантты қалай алуға болатынын түсіндіре кетсек.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 АЕК мөлшеріне дейін беріледі.
Грант алуға өтінім білдіру үшін:
- осал топ қатарында болу;
- жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда;
- «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқып, сертификат алу;
- Бизнес жоба жасау;
- «Enbek.kz» порталында грант алуға өтінім қабылдау уақыты басталғанда, өтінім білдіру;
- Грант алуға үміткерлердің өтініші мен бизнес-жобасын мансап орталығы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша комиссияның отырысына қарауға шығарады.
- Комиссия отырысының шешімі «Еңбек нарығы» ААЖ-ға енгізілгеннен кейін грант алуға үміткер порталдағы «Жеке кабинет» арқылы грант беру немесе бермеу туралы тиісті хабарлама алады.
Айта кетейік, биылғы 10 айда облысқа 1178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, Қытай, Иран және Өзбекстанға ресми сапарлар ұйымдастырылды. 2025-2028 жылдар аралығында облыста 111 инвестициялық жоба іске қосылып, оның нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
