Түркістан облысының билігі Отырар ауданы мен Арыс қаласы кәсіпкерлерінің мәселелеріне құлақ түрді

Түркістан облысының Отырар ауданында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Өңірлік кеңесінің кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Кездесуге Арыс қаласы мен Отырар ауданынан келген кәсіпкерлер, Өңірлік кеңес мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау, жергілікті атқарушы және салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және Палата директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлерді жеке қабылдап, өзекті мәселелерін тыңдады.

Арыс қаласының кәсіпкерлері жер, жол белгілері, оның ішінде, ішкі көшелерде жүк көліктерінің жүруіне рұқсат беру, Түркістандағы Шеберлер орталығынан орын алу, субсидия, шетел азаматтарын жұмысқа алу мәселелерін көтерді. Ал отырарлық кәсіпкерлер су тапшылығы мен табиғи газға қосылу, электр желісін тарту сияқты мәселелерді ортаға салды.

Кәсіпкерлер мен билік арасындағы ашық диалог алаңына кездесуде көтерілген мәселелерді заң аясында жедел әрі жүйелі шешу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Кездесуден кейін бизнес өкілдері Отырар ауданындағы «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» кәсіпорнына барып, шетелдік инвестордың тоқыма өндірісімен танысты. Қытайлық компания өңірде 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып, заманауи технологиялармен жұмыс істеуде. Бұл – Отырар ауданындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі.

Ауыл шаруашылығы демекші, Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының диқандары биылғы жиын-терім науқанын бастады. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қ.Әбдәлиев ауыл округіндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативінде болып, орақ науқанының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта комбайндар алтын дәнді қамбаға құюда. Мәселен, «Үшбастау» өндірістік кооперативі егіс алқабынан 1 гектардан 25 центнер астық алуды жоспарлап отыр. Жалпы, аудан бойынша өнім көлемі орташа деңгейден жоғары болады деп күтілуде. Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығына арналған 275,3 мың гектар жер бар.

Оның ішінде:

  • 100,9 мың гектары – егістік;
  • 133,6 мың гектары – жайылым;
  • 30,9 мың гектары – шабындық;
  • 13,5 мың гектары – суармалы алқап.

Биыл 100,9 мың гектар егістіктің 94 мың гектары игерілді. Ауданда 43,9 мың гектар аумаққа – бидай, 6,4 мың гектарға – арпа, 8 025 гектарға – мақсары және 33,6 мың гектар жерге жоңышқа, жүгері, көкөніс, бақша өнімдері және басқа да дақылдар егілген.

Көктемгі дала жұмыстарына 5 448 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, шаруалар толық қамтылды. «Ырыс» микроқаржылық ұйымы арқылы 30 шаруа қожалығы 364 миллион теңге көлемінде 5% несиемен қолдау алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You