
«Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды.
Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң.
Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ.
Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз».
Іс-шара барысында Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев және бейресми саммиттің басқа да қатысушылары сөз сөйледі.
Саммиттің қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан декларациясына қол қойды.
Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев түркі дүниесінің әйгілі рухани және тарихи-мәдени киелі орындарының бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.
Мемлекеттер басшылары ұлы ғұлама, әулие Қожа Ахмет Ясауи мен кесене аумағында жерленген басқа да белгілі тарихи тұлғалардың рухына зиярат етті.
Президенттерге кесененің XIV ғасыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынғаны, көлемі жағынан әртүрлі 35 бөлмеден тұратыны жөнінде ақпарат берілді. Ғимараттың ішкі биіктігі 39 метрді, ал сыртқы биіктік өлшемі 41 метрді құрайды.
Мәртебелі меймандар қабірхананы, орталық бөлмеде орналасқан қазандықты, тайқазанды және қола лауханы аралап көрді. Сондай-ақ экспозицияда түркі-ислам әлемінің белгілі ойшылдары мен шайырларының еңбектерінен тұратын 45 кітап қойылған. Олардың арасында Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет», Низамидің «Хамса», Науаидің ғазалдары, Бақырғанидың шығармалары, Фирдоусидің «Шахнама», Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүн» дастаны, сонымен бірге «Манас» жырының үзінділері және басқа да сирек кездесетін туындылар бар.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйлады.
Президенттің пікірінше, Түркістан туралы айтқанда күллі түркінің рухани темірқазығы – Қожа Ахмет Ясауи тұлғасына тоқталмау мүмкін емес.
– Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үйлестіре білді. Оның мәдени мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де өшпес із қалдырды. Түркі әлеміне ортақ көптеген ғұламалар Әзірет Сұлтанның ізбасары саналады. Осы тұста әйгілі Юнус Эмрені ерекше атап өткеніміз жөн. Тұғырлы тұлғаның туындыларынан Ясауи ілімінің ықпалын анық көруге болады. Осындай үндестік қазақтың бас ақыны – хакім Абайдың шығармаларынан да байқалады. Түптеп келгенде, ұлы ғұламаның ғибратты жолы ұлтқа бағдар, ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Мен Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістанға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштадым. Сол сапарымда мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапатты Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айттым. Соған сәйкес тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат. Жалпы, біз өз елімізде Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын жүйелі түрде және кең ауқымда зерттеу жұмысын белсенді түрде жүргіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
