Түркістан облысында жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы барысы талқыланды

Әлеуметтік нысан халықтың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ететін инфрақұрылымның бірден-бір бөлігі саналады. Түркістан өңірі еліміздегі тұрғыны ең көп аймақ болғандықтан, бұл нысандардың жетіспеушілігін алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынған.

Бүгін осы бағытта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті. Жауапты басқарма басшылары өз салалары бойынша баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары да мәжіліске қатысып, өзекті мәселелерді ортаға салды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік саланы ілгерілету бағытындағы жұмыстарын қолдап келеді. Денсаулық сақтау нысандарының жай-күйін баяндаған басқарма басшысы бүгінгі таңда 49 жобаның 48-не сараптаманың оң қорытындысы алынғанын атап өтті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету обьектілерінің біразында құрылыс басталып кеткен. Оның ішінде 2 нысанға биыл ҚР Ұлттық қор есебінен, 25-нің құрылысына ҚР Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен қаржы қаралған. Ал 3 нысан «Ауыл – Ел бесігі» ұлттық жобасына ұсынылып отыр. 18-не биыл қаржы қарастыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. 1 нысанның құрылысы жеке инвестор қаражаты есебінен қолға алынған. Қазіргі таңда 30 нысанның құрылысы жүргізілуде. 3-еуінде былтыр басталған. Жер учаскесі бойынша қиындықтар туындап, шешілді. Түзету жұмыстарына қарамастан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ шілде айының соңында 13 нысанның мемлекеттік сатып алу процесі арқылы мердігерлері белгілі болғанымен, техникалық қадағалаушы мекемелер анықталуда. 5 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Аталған барлық нысанды инжинерлік желілермен қамтамасыз ету жоспарланған.

Өңірде мемлекеттік 265 балабақша, 910 мектеп және 25 колледж бар. Мектептердің 753-і типтік, 157-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Сондай-ақ 4 апатты білім ошағы тіркеліп, құрылысы басталған. Жыл соңына дейін 3 мектеп пайдалануға беріледі. 5 үш ауысымды мектепке қажетті қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл сондай-ақ 321 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүруде. Оның ішінде 106-сында жылу жүйесі табиғи газға ауыстырады. Құрылыстар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде және облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып жатыр. Басым көпшілігінде жеңімпаздары ашық конкурс негізінде анықталып, өндірістік кестеге сәйкес тиісті жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында әлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріне қатысты да сауалдар талқыланып, алдағы міндеттер пысықталды. Бейсенбай Дәулетұлы ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстары мен жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізуді және құрылыс сапасын бақылауды тапсырды.

Атап өтерлігі, бүгінде облыс орталығында жаңа мектеп құрылыстарынан бөлек, бірқатар білім ошақтары жөндеуден өткізіліп жатыр. Кеше облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласындағы оқу нысандарын аралап, жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.

Алдымен Әйтеке Би атындағы №26 мектебіне барып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына қанықты. 300 оқушы орынға арналған білім ошағы 2013 жылы пайдалануға берілген. Былтырғы техникалық тексеру жұмыстарының қорытындысына сәйкес, мектептің кейбір бөліктері қауіпті деп танылған. Бүгінде 30-ға жұмысшы еңбек етіп жатыр. Бөлме іштерін бөліп тұрған жарылған қабырғалар алынып толық қалпына келтірілді. Сыртқы және ішкі есіктер толық ауыстырылды. Асханадағы және кейбір бөлмелердің кәріз жүйелері ауыстырылды. Мектеп қабырғаларын қырып сылау жұмыстары жүргізіліп, сыртқы қасбеттер темір сайдингмен қапталды. Едендер жаңартылды. Жылу жүйелері жүргізіліп, мектеп айналасы ретке келтірілді. Қалған жұмыстар тамыз айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.

2007 жылы пайдалануға берілген Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы білім беретін мектеп 800 орынға арналған. Шатыр жабылып, мектеп сырты толық боялды. Электр сымдары, ішкі және сыртқы шамдар ауыстырылды. Мектеп дәліздері ретке келтірілді. Әжетханада жаңартылды. Алты оқу кабинетінің едендеріне тақтай қағылды, тоғыз сыныптың жылу жүйесі ауыстырылды. Биыл аталған екі мектепті ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжат жасалынып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен толық қаржыланжырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Білім ошақтарын мұқият аралаған Бейсенбай Дәулетұлы құрылыстардың сапасына аса мән беру керектігін айтты. Сонымен қатар жауаптыларға жаңа оқу жылы қарсаңында жұмыстарды толық аяқтауды тапсырды.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2000 орындық жаңа білім ошағының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңында қолдануға берілу жоспарлағанымен, қыркүйек айында оқушыларды қабылдайды деп күтілуде. Бүгінде мектеп ғимаратында 350 жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Бөлме іштері ақтап, жылу жүйелері жүргізілуде. Сыртқы және ішкі есіктер орналастырылуда. Сырқы қасбеттер қапталуда, едендері мен қабырғаларына кафель жабыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мектеп айналасына бетон төсемелер төселіп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары жаңа білім ұясын ашып, оқушыларды уақытылы тіркеу, сондай-ақ білікті педагог құрамын қалыптастыру сынды жұмыстарды қолға алу жөнінде тапсырма берді.

Құрылысты қажет ететін тағы бір білім ошағы – Саттар Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернаты. 1976 жылы пайдалануға берілген бұл нысан 530 оқушы орынға арналған. Ескі жатақхана ғимаратын аралап, алда жүргізілетін жұмыстарды пысықтады.

Айта кетейік, еліміздің рухани астанасында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 3, мемлекеттік бюджеттен 1 мектеп бой көтеруде. Аталған 4 білім ошақтары жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Иә, биыл өңірде бірқатар білім беру мекемелерінің ғимараты жаңартылып, жөндеуден өтеді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тамыздың 5-інде Сайрам және Төлеби аудандарына жұмыс сапарымен барды. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім нысанын аралап көрді. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің құрылысына жауапты мердігерлермен тілдесіп, мерзімінде үлгеруді тапсырды.

Алдымен Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауыл округіне қарасты Әсіларық ауылындағы №49 Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Облыстық бюджет есебінен толық қаржыландырылған білім нысаны 300 оқушыға арналған. Бүгінде мектептің бөлме іштерін бөліп тұрған жарылған қабырғалар алынып, толық қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, кәріз және электр жүйелерін ауыстыру, мектеп қабырғаларын қайта сылау, терезелер орнату, сыртқы қасбеттер, шатыр төсемелерін жабу және мектеп едендері мен қабырғаларына кафель жабыстыру, жылу жүйелерін жүргізу, мектеп айналасына бетон құю жұмыстары атқарылды. Аталмыш білім ұясындағы құрылыс жұмыстарын тамыз айының соңында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары барысында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызмкеттер көрсету орталығына және Сайрам мүгедек балаларды оңалту орталығына барып, сондағы тыныс-тіршілікпен танысты.

Жұмыс сапары әрі қарай Төлеби ауданында жалғасты. Мұнда жалпы 126 білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 68 мектеп, 56 балабақша, аудандық оқушылар үйі, аудандық саз мектебі, қалалық балалар саз мектебі, көркемсурет мектебі бар. Бүгінде біреуінде жаңа ғимарат құрылысы жүргізілсе, 3 білім ошағы ғимаратында күрделі жөндеу, 43-інде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көксәйек ауылдық округіндегі Қазақстан мектебін биыл күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қаралған. Қазіргі таңда мердігер тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал Қаратөбе ауылдық округіндегі Қостөбе мектебінде жұмыс ақпан айында басталған. Бүгінде мердігер мекеме «Радуга-СН» ЖШС жобалық сметалық құжатқа сай жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес атқарды. Күрделі жөндеу толығымен аяқталып, қабылдап алу жұмыстары жүруде.

Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебінің мердігері мен техникалық бақылаушы анықталған. Тиісті жұмыстар 5 маусымнан басталды. Ай соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Содан соң «Қасқасу» шағын жинақты жалпы орта мектебіне барып, күрделі жөндеу жұмыстарының жағдайымен танысты.

Білім ошақтарын салаға жауаптылармен бірге аралаған облыс әкімінің орынбасары жаңа оқу жылының дайындық барысын тағы бір пысықтады. Оқушылар оқуға оралғанда алаңсыз, толыққанды білім алуы үшін құрылыс жұмыстары қауіпсіз, сапалы жүргізілуін, сондықтан қажетті шаралардың қабылдануын тапсырды.

Ал кеше Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов балаларды 1-ші сыныпқа қабылдау процесін дұрыс ұйымдастыру және мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне назар аударды.

Жаңа оқу жылында 360 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Олжас Бектенов қабылдау процесінің белсенді жүріп жатқанын, оны дұрыс ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар бұрын балабақшаларға бармаған болашақ бірінші сынып оқушыларына көбірек көңіл бөлген жөн. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелердегі консультациялық пункттердің қызметін жандандыру қажет.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Биыл 500 мыңнан астам бала үшін 22 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген. Әкімдіктер мектеп формасы мен керек-жарақтарды сатып алу үшін қаражаттың ата-аналарға уақтылы жіберілуін қамтамасыз етсін», — деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-Министр 1 қыркүйектен бастап 1,7 миллион оқушы бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін тамақпен қамтылатынын айтты. Мектептерде тегін тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында әкімдіктер қажетті қаражат бөлді.

Сонымен қатар Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарының бірқатар мектептерінде асхана жоқ. Олжас Бектенов аталған өңірлердің әкімдіктеріне тамақтану сапасын және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Оқу-ағарту министріне барлық мектептердің оқулықпен толық қамтамасыз етілуін бақылауда ұстау тапсырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin