Түркістан облысы: Биыл Созақ ауданындағы Жуантөбе ауылдық округінің ішкі көшелеріне 100 пайыз асфальт төселіп, көше жарықшамдары орнатылады

Ағымдағы жылы Жуантөбе ауылында жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын Қазыбек би, Қ. Омарұлы мен Ә. Жақсыбайұлы көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, тұрғындар сұранысына орай Қожақ Омарұлы көшесіне көше жарықшамдары орнатылады. Нәтижесінде ауылдың негізгі көшелеріндегі топырақ және тас жол мәселесі шешіліп, ішкі автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтпен қамтылып, жарықшамдар орнатылады.

Қазіргі таңда ауыл көлемінде 9,4 шақырымды құрайтын негізгі ішкі автомобиль жолдары бар.

Бұған қоса ауыл тазалығын ретке келтіру мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның құрылысы жүруде. Ауыл жастары спортпен тұрақты түрде шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ауылындағы ойын алаңшасы күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгідегі жабық футбол алаңын салу үшін жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сондай-ақ осы жылы мал дәрілейтін станок пен тоғыту алаңы салынады. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жуантөбе ауылдық округінің тұрғындарымен өткен есептік жиында мәлімдеді.

Сонымен қатар, ауылдық округте ел игілігіне бағытталған жұмыстар мұнымен шектелмейтінін айтып, тазалыққа қатысты шараларға тоқталып өтті. Ауыл қариялары атқарылған жұмыстарға алғыс айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Көтерілген сауалдар жөнінде сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Осы ретте Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Д. Абраевтан 2023 жылдың қорытындысына сәйкес атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы сұрағанбыз.

Ең әуелі бюджет мәселесін тілге тиек еткен ол: «2023 жылдың қорытындысымен жалпы бюджет бойынша қаржының игерілуіне келетін болсақ, бюджет бойынша кіріс 72 миллион 928 мың теңгені құрап, қаржылар тиісті мақсаттарға жұмсалды. Кірістер бөлігінде жоспар 72 миллион 928 мың теңге болса, орындалуы 73 миллион 178 мың теңге болып, 100,3 пайызға орындалған немесе 250,0 мың теңгеге артық орындалған» — деді.

Әлеуметтік салаға келсек, ауылдық округ бойынша 1 қаңтардағы мәлімет бойынша       2 114 адам тіркелген. Оның 1 069-ы — әйелдер, 1 045-і – ер азаматтар. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық — 892. Оның ішінде: жалдамалы қызметкер – 491, өздігінше жұмыспен қамтылғандар — 340, ресми жұмыссызы – 37, жұмыс күші құрамына кірмейтін тұлғалар – 1 222.

Ауылдық округ бойынша 334 тұрғын үй, 339 отбасы бар. Оған 2 жалғыз басты қарияны, 68 мүмкіндігі шектеулі азаматты, 6 Батыр ананы, 25 Алтын алқа , 44 Күміс алқа иегерлерін, 1 Ауған соғысына қатысушы ардагерді, 9 тыл еңбеккерін қосыңыз.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны» іске асыруда 12 жас Жастар практикасына, 34 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, 57 адам бос жұмыс орындарымен, 2 адам Алғашқы жұмыс орнымен қамтылып, 1 адам «Күміс жас» және 1 адам мемлекеттік грант, 1 адам шағын несие, «Enbek.Kz» платформасында сұранысқа ие дағдылар бойынша оқудан 3 адам сертификат алған. Қазіргі таңда ресми түрде 37 азамат жұмыс іздеуші болып тіркелген.

Ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі комиссия құрылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 8 отбасыдан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөнінде өтініш комиссияда қаралып, 8 отбасыға оң қорытынды берілген. Оның 7-не — шартты, 1-не шартсыз атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жыл басынан қазіргі таңға дейін жалпы 8 аз қамтамасыз етілген отбасыға 3 954 381 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Жыл басынан бері ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген 34 адамның 6-ы мемлекеттік атаулы көмек алатын отбасының жұмыссыз жүрген мүшелері болып табылады.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жастарды шағын несиелеу бағдарламасы аясында 1 жас — Жәудір Қуандықова 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алды.

Айта кететін жайт, грант алу үшін ауыл тұрғындары тарапынан 4 азамат өтініш берген, комиссияның қорытындысына сәйкес 1 отбасының жобасы мақұлданып, Айжан Олжабай отбасылық дәнекерлеу ісі бойынша 1 миллион 380 мың теңге грант алды.

1 наурыз — Алғыс айту күніне орай әлеуметтік қызметшілер мен жастар маманының ұйымдастыруымен қайырымдылық іс-шаралары өтті.

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, 80 (сексен) ардақты анаға кәсіпкер Нұрбақыт Тұрғанбайұлының демеушілігімен, сондай-ақ мекеме ұжымдарының ұсынуымен 10 (он) белсенді қыз-қеліншекке мерекелік сыйлық тарту етілді.

   «Қамқорлық» жобасы аясында аз қамтылған 1 отбасыға қиын жағдайдан шығуына ықпал ету мақсатында біршама жұмыстар жүргізіліп, ауыл еріктілерінің бастамасымен баспана сатып алып берілді. Бекітілген мұнай айдау станциясы мекемесі ұжымы азық-түлік себетін беріп келеді.

 «Ақдала» кен орнында жұмыс атқаратын ауыл жастарының демеушілігімен 10 отбасының әрқайсысына 30 мың теңге көлемінде бірнеше рет азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар өзге де қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып келеді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалуы туралы ауылдық округ әкімі: «Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Даму» бағдарламасына сәйкес 2023 жылғы жасалған үш жақты келісімшарт негізінде ЖШС, шаруа немесе фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Сыбаға» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту жоспарға сәйкес 5/125  бас, «Алтын асық» бағдарламасы  аясында 1375 қойдың аналық басын тұқымдық түрлендіруге тарту жоспарланған болатын, алайда ниетті шаруалардың болмау есебінен тиісті нәтиже көрсете алмай отырмыз» — деп, шынын айтты.

«Созақ ауданының 2021 — 2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының» 2023 жылға жоспарланған даму көрсеткіштері бойынша ауылдық округ көлемінде тиісті жұмыстар атқарылуда.

«Жайылымдық суландыру» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтарға 20 құдық қазылды.

Егістік жер көлемінің игерілуі: ауылдық округі бойынша 18 гектар жерге егін егу жоспарланып, картоп — 1,0 гектар, көкөніс — 2,5 гектар, бақша — 4,0 гектар, жаңа жоңышқа 9,0 гектар, ескі жоңышқа – 1,0 гектар, барлығы 17,5  гектар жерге егілді.

2024 жылдың 1 қаңтарына 3 881 мүйізді ірі қара, 18163 майда мал, 2 265 жылқы және 2 730 түйе тіркелген.

«Жуантөбе, Созақ ауылдық округтеріне қарасты Шу өзені бойындағы алқаптарда азиялық шегірткелерді жою мақсатында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Химиялық өңдеу жұмыстарына «АН-2» ұшағы тартылып, оңтайлы уақытта жоғары биологиялық тиімділікпен жүзеге асырылды» — деп отыр ауыл әкімі.

Ветеринария саласында да бірқатар шаруа тындырылған. Мәселен, 1 820 бас мүйізді ірі қара, 8 995 бас майда мал сырғаланып, 1100 бас жылқыға – жалпы ауыл шаруашылығы жануарларына алдын ала жұқпалы ауруларға қарсы емдеу шаралары жүргізіліпті.

2023 жылы ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес «құтыру» ауруына қарсы 563 бас мүйізді ірі қараға, 150 бас итке, «аусыл» ауруы бойынша 4 500 бас мүйізді ірі қараға, 24 300 бас ұсақ малға, «Сібір жарасы» ауруына қарсы 3 545 бас мүйізді ірі қараға, 18 452 бас ұсақ малға, 1 752 бас жылқыға және 2 470 бас түйеге егілді. «Туберкулез» ауруына қарсы 900 бас мүйізді ірі қара тексерілді.

Жұқпалы ауруларға диагностикалық тексеру іс-шаралары бойынша 2023 жылғы жоспарға сәйкес 2 499 бас мүйізді ірі қарадан, 11 852 бас уақ малдан бруцеллез ауруына қан сынамалары алынып, ветеринариялық зертханаға тексеруге өткізілді.

2023 жылға қаңғыбас ит-мысықты жою 40 басқа жоспарланып, 71 бас ауланып, жойылды. 2023 жылы қазіргі таңға дейін ит-мысықтан зардап көріп, жарақаттанған жағдай тіркелмеген. 2023 жылы «құтыру» ауру көрсеткіштері тіркелмеген. 2023 жылы Конго-Қырым қанды қызбасы ауруының алдын алу мақсатында көктем мезгілде 169 729 шаршы метр үй іргелік қоражайлар мен оған жапсарлас аумақтарын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар 17 886 бас майда мал тоғыту, 8 616 бас ірі қара мал бүрку, 57 275 шаршы метр буферлік аймақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. 2023 жылы кене тию күдігі бойынша ешқандай адам тіркелмеген.

Ағымдағы жылы аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен мал өлекселерін тастайтын «Беккери» шұңқыры салынып, облыстық ветеринария басқармасының Созақ аудандық филиалы қабылдап, пайдаланылуда.

Жер қатынастары саласындағы атқарылып жатқан тірліктерге келсек. Округтің негізгі саласы — ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы болып есептеледі. Жуантөбе ауылдық округі бойынша жер көлемі 444 638 гектарды құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері – 356 804 гектар, тәліми жер — 289 гектар, жайылымық жер – 356 472 гектар, суармалы жер – 43 гектар.

Қазіргі таңда ауылдағы шаруа қожалықтарының пайдаланып отырғаны жері 89 273 гектар жайылымдық жерді құрайды. 2023 жылдың басында конкурс арқылы жер алып, 7 шаруа қожалығы ашылды.

Кәсіпкерлік саласы туралы бірер сөз. Ауылдық округ бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілері саны – 49. Белсенді жұмыс істеп жатқан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері — 47. Оның 32-і — шаруа қожалығы, 1 ЖШС, 13 дүкен, 1 дәріхана, 2 монша халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Коммуналдық шаруашылық саласына ойысайық. Жалпы, ауыл көлемінде 9,4 шақырым негізгі ішкі автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 4,2 шақырымға жуығы — асфальт жол, 5,2 шақырымға жуығы — тас жол. «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы орташа жөндеу (қиыршақ тас) төселген көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Қазыбек би көшесіне — 2 шақырымға, Қожақ Омарұлы көшесіне — 1,55 шақырымға, Әжібай Жақсыбайұлы көшесіне — 1,65 шақырымға, жалпы алғанда, 5,2 шақырым жолға асфальт төселеді. Нәтижесінде ауылдағы негізгі көшелердегі топырақ, тас жол жол мәселесі шешіліп, негізгі ішкі автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтпен қамтылатын болады.

Ауылдың негізгі ішкі көшелеріне жол белгілері орнатылды.

Көктем-күзгі тазалық айларында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, ауылдағы барлық көрнекілік баннерлерді жаңартылды. Сенбіліктерге ауыл көлеміндегі мекемелер белсенді түрде қатысып келеді.

Сонымен қатар ақылы қоғамдық жұмыстағыларға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес күнделікті белгіленген көшелерге тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілді.

Биыл көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша 270 түп ағаш көшеттері, 100 түп гүл көшеттері егілді.

Облыстық маңызы бар автожолдардың бойындағы аркалар сырланып, баннерлер ретке келтіріліп, жол бойына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Ж.Қаламбаев көшесіндегі кіші футбол алаңшасына, орталық «Бәйтерек» кешеніне, Қ.Омарұлы көшесіндегі балалар ойын алаңы мен Төле би көшесіндегі демеушілікпен салынған балалар ойын алаңшасына сырлау, шөптерін шабу, тазалық жұмыстары жүргізілді.

«Инвест» бағдарламаға сәйкес 2023-2024 жылғы қысқы маусымға дайындық шаралары барысында Жуантөбе ауылдық округі бойынша 3,9 шақырымға жоғары кернеулі 10 кВт барлығы 87 дана электр бағанасы жаңадан ауыстырылды.

Ауыл тазалығын ретке келтіру мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон құрылысы басталып, жүргізілуде. Жоспарға сәйкес пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Ішкі көшелерді жарықтандыру бойынша энергия үнемдеу мақсатында көше жарықтандыру жүйелері мемлекеттік-жеке меншік әріптестікке өтіп, автоматты түрде жанатын болып, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жарықтандыру жүйелері тұрақты жанып келеді.

Ағымдағы жылы Қазыбек би көшесіне 1,3 шақырымға (38 бағана) жергілікті бюджет есебінен 5 миллион 298,8 мың теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, іске қосылды. Сонымен қатар ауылдағы көше жарықтары бағаналарына ағымдағы жөндеу жұмыстарына 1 миллион 90,2 мың теңге қаралып, ақау келген бағаналар жөнделіп, жанбай тұрған бағаналарға жарықтандыру шамдары орнатылып, барлық бағаналарға сырлау жұмыстары жүргізілді.

Білім саласы туралы. Ауылдық округте 1 білім беретін мектеп, 1 мемлекеттік бөбекжай-балабақша, 2 жекеменшік балабақша жұмыс істейді.  Мектепте жалпы оқушы саны 548 болса, оның мектеп алды даярлық тобында – 50 тәрбиеленуші, 1-11-сыныптар аралығында 498 оқушы білім алуда.  

Мемлекеттік «Ақбота» бөбекжай-балабақшасы 75 орынға арналған, мұнда 3 топ бар, онда 28 адам (26 штат) жұмыспен қамтылған. Ал жекеменшік негіздегі «Алуа» бөбекжай-балабақшасында 30 бала бар, «Жаннұры балабақшасы» ЖШС 40 баламен, 14 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған.

Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ. Ауылдық округте 1 Жуантөбе дәрігерлік амбулаториясы, 1 фельдшерлік-акушерлік тірек халыққа қызмет көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласы бойынша есепті кезеңде ана өлімі, бала өлімі тіркелмеді. Сары аурумен, сарып ауруымен, өкпе ауруы /туберкулез/ ауырғандар тіркелмеген.

Денсаулық саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер саны – 30, оның ішінде 2-і — дәрігер, 13-і — медперсонал, 15-і — техникалық қызмет көрсетушілер.

Халық сұранысына сай ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға зертханалық аппарат беріліп, анализ тапсыратын лаборатория ашылды. «103» жедел жәрдем бөлімшесі ашылатын болып, 1 (бір) медициналық жедел жәрдем автокөлігі берілді.  

Мәдениет, спорт саласы жайлы. Ауылдық округте 1 клуб және 1 кітапхана халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Мәдени мекемелерде мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ауылдық кітапханадағы кітап қоры 14 017 (2022 жылы — 13 173) құрайды. 2023 жылы жаңа 844 дана кітаппен толықтырылды.

Ауылдық клубтың жылыту қазандығы мен еденіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауылда бюджет есебінен және өндіріс демеушілігімен салынған 2 жазғы кіші футбол алаңшасы, 1 балалар ойын алаңшасы мен демеушілер есебінен салынған 1 жазғы спорт алаңшасы бар. Қыс мезгілінде мектептің спорт залында бекітілген кестеге сәйкес әр аптаның 3-5 күндерінде футболдан жаттығу ойындары өтеді.

Ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің жайы туралы білгіңіз келсе, ауылдық округі әкімі аппаратында, сондай-ақ мекемелерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындары арасында бұл жөнінде хабарланған, ауыл тұрғындарына e.gov электронды порталында қызмет алу ережелерімен таныстырып, қызмет алуды үйретіп келеді.

Тәртіп пен реттілік мәселесі жайында айтсақ, округ аумағында 1 полиция тірегі орналасқан, онда 1 компьютер бар. Учаскелік полиция қызметкері автокөлікпен қамтылған. 2023 жылы қылмыс тіркелмеген. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмыстың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру ұйымдастырыла беретін болады.

Қорғаныс істер саласының тыныс-тіршілігі туралы ауыл әкімі: «Жуантөбе ауылдық округі әкімдігі бойынша запастағы офицерлер саны – 6, әскери міндеттілер саны – 275, 2023 жылы әскерге шақырушылар есебінде 92 азамат болса, оның ішінде көктемгі әскерге шақырту кезеңінде зерделеуден өткендері — 32, медициналық сараптамадан өткені – 29, көктем және күзгі әскерге жіберуге берілген тапсырма 10 болса, 2023 жылдың әскерге шақырту жұмыстары барысында тапсырма 100 пайызға орындалды.

Ауған соғысы ардагері – 1. 2023 жылы Созақ аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен әскерге шақырылушы жастармен, келісімшарт қызметі және әскери оқу орындарын насихаттау мақсатында мерзімді әскери қызметке бару жайлы екі рет түсіндіру жиыны өткізілді» — деді.

Ол мұнан өзге алдағы жылдарда ауылдық округ аумағындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталатын шаралар хақында да біраз мәліметті ортаға салды. Сонымен, 2024 жылы атқарылатын және жоспарланған жұмыстарды саусақ бүгіп, санай отырыңыз.

— Тас жол төселген көшелерге асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу;

— Қазыбек би көшесіне 2 шақырымға асфальт;

— Қожақ Омарұлы көшесіне 1,55 шақырымға асфальт;

— Әжібай Жақсыбайұлы көшесіне 1,65 шақырымға асфальт, жалпы алғанда, 5,2 шақырым жолға асфальт төсеу.

— Қожақ Омарұлы көшесіне жарықтандыру жұмысын жүргізу (1 530 метр);

— Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон құрылысы;

— Жабық спорт алаңшасын салу үшін жобалық-сметалық (ЖСҚ) әзірлеу;

— Ауылдағы қажетті электр желілерін жаңарту.

Орайы келгенде, сметалық құжаттамалары дайын, алдағы бюджетті нақтылауға немесе бекітілген өндіріс орындарына ұсынылатын жобалар жайлы да атап өтсек:

— Әжібай Жақсыбайұлы — Батырбек Достайұлы көшесіне аяқ жол/тротуар төсеу (1 100 метр),

— Төле би көшесіне аяқ жол/тротуар төсеу,

— Төле би көшесіндегі шағын футбол алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу,

— Ауыл ішіндегі негізгі мәселелерді де дәстүрге айналған мерейтойлық кездесу ұйымдастыратын мектеп бітіруші түлектердің демеушілігімен де шешу жұмыстарын жалғастыру;

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin