Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіндегі 251 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. Оның ішінде 48 пәтер көпбалалы отбасыларға, 112 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 91 пәтер табысталып, келісім шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа тұрғын үйлер 189 орамда және Тұран шағын ауданында орналасқан. Әлеуметтік пәтерлер 3-4 жайлылық класына сәйкес келеді, ең үлкен ауданы 73 шаршы метрге дейін қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын “МК-ТІМЕ” ЖШС мердігер мекемесі жүргізген. Айта кетейік, биыл 2274 пәтерді несиелік бағытта тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға беру жоспарланған болса, оның ішінде қазіргі таңда 304 азамат баспанамен қамтылды. Еске салсақ, бұған дейін Республика күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкент қаласында 304 отбасы қоныс тойын тойлаған еді. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Ұлық мереке қарсаңында пайдалануға берілген Бозарық шағын ауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банк арқылы «2-10-20», «5-10-20» бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген. Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы Shymkent City шағын ауданында қала әкімі бағдарлама шеңберінде тұрғындарға пәтер кілттерін табыс еткен еді. Реновация бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Сонымен қатар, жаңа пәтер алдыңғысынан орташа есеппен 20 м² үлкен. Тұрғындар есептегіштерге қосымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген.