Жаңа өндірістер Отырар ауданында еңбекке сұранысты арттырады

Loading

Отырар ауданында мақта өсірумен қатар оны терең өңдеу бағытындағы өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы жергілікті шикізатты өңдеу көлемін арттырып қана қоймай, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және жаңа технологияларды меңгерген мамандарға сұранысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов ауданға жұмыс сапары барысында мақта өсіру және өңдеу саласындағы ірі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Қазіргі таңда «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС тарапынан екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – Қарақоңыр ауылдық округіндегі «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасатын тұқымсыз шитті мақтадан мақта талшығын өндіру зауыты. Жобаның құны 10 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 100 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы болады.

Нысандағы құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Қажетті өндірістік жабдықтар толық орнатылып, ішкі және сыртқы монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды 2026 жылғы қарашада іске қосу жоспарланған.

Екінші жоба – мақта тұқымын өңдеу және тұқым өндіру зауыты. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта тұқымын өндіруге мүмкіндік береді. Мұнда да құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалып, қажетті жабдықтар орнатылған.

Жаңа өндірістердің ерекшелігі – заманауи цифрлық технологиялардың қолданылуы. Бұл өндірістің тиімділігін арттырумен бірге технологиялық процестерді меңгерген білікті мамандарға деген қажеттілікті күшейтеді. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпорындардың іске қосылуы ауданның еңбек нарығына да жаңа серпін бермек.

Мақта өңдеу саласындағы өндірістік тізбектің кеңеюі жергілікті шикізатты дайын өнімге дейін өңдеуге мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтады. Ал жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруға ықпал етеді.

Осылайша, Отырардағы өндірістік жобалар тек экономикалық көрсеткіштерді арттырумен шектелмей, еңбек нарығын жаңа технологияларға бейімдеу, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және заманауи өндірістерге қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыру бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейтеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You