![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, Таскен, Нұртас, Нұрсәт және Тараз шағынаудандарындағы өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей қатысты инфрақұрылым, абаттандыру және тұрғын үй мәселелеріне басымдық берілді.
Тұрғындар автотұрақтарды ұйымдастыру, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен суару арықтарын абаттандыру, балалар ойын алаңдарын қажетті элементтермен толықтыру және аялдамаларды жаңарту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, баспана кезегіне тұру, аулаларды абаттандыру, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына қатысу және көпқабатты үйлердегі лифтілерді ауыстыру мәселелері көтерілді.
Тұрғын үй қорын жаңарту мәселесіне қатысты қала әкімі жауапты тұлғаларға мүдделі тұрғындармен жеке кездесулер ұйымдастырып, бағдарламаға қатысу талаптарын жан-жақты түсіндіруді тапсырды. Сондай-ақ көппәтерлі үйлерді күтіп-ұстау тәртібі мен талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Кездесуде инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де кеңінен сөз болды. Тұрғындар үйлердегі инженерлік желілердің жағдайы, газ қысымының төмендігі және электр қуатының жиі өшуіне қатысты мәселелерді жеткізді. Қала әкімі бұл проблемалардың белгілі екенін айтып, бірқатар тұрғын алаптардағы газ және электр желілерінің жеке меншікте екенін атап өтті. Кейбір ескірген трансформаторлар да артып келе жатқан жүктемені көтере алмай отыр.
Қазіргі таңда Шымкентте жаңа мемлекеттік газ және электр желілерін кезең-кезеңімен салу, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобалар толық іске асқан сайын тұрғын алаптарын тұрақты коммуналдық қызметпен қамту деңгейі арта түседі.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындардың белсенділігі үшін алғыс білдіріп, Қаратау ауданының әкіміне барлық өтініштерді жан-жақты пысықтауды тапсырды. Әр мәселе бойынша нақты шешу жолдары мен орындалу мерзімдерін айқындап, тұрғындарға атқарылған жұмыстар жөнінде тұрақты ақпарат беріп отыру қажеттігін атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
