![]()
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетін жылы Шымкент отандық спорт тарихындағы айтулы жетістіктердің бірін мерекелеп отыр. Қаланың намысын қорғап жүрген «Ордабасы» футбол клубы өз тарихында алғаш рет бір маусымда Қазақстан чемпионы атанып, ел Кубогын жеңіп алды. Осылайша шымкенттік команда тарихи «алтын дубль» жасап, жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады.
Осы тарихи жетістікке орай Астана алаңында мыңдаған жанкүйерді, қала тұрғындары мен қонақтарын біріктірген ауқымды мерекелік кеш өтті. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, футболшыларды, жаттықтырушылар штабын және жанкүйерлерді айтулы жеңісімен құттықтады. Қала басшысы командаға алдағы маусымда да биік белестерді бағындырып, халықаралық аренада табысты өнер көрсетуіне тілектестік білдірді.
Кештің басты оқиғасы чемпион атанған команда ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамын марапаттау рәсімі болды. Футболшыларға Қазақстан чемпионатының алтын медальдары табысталып, чемпиондық кубок салтанатты түрде тапсырылды. Мерекелік шараның көркін танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасы аша түсті.
Биылғы маусым «Ордабасы» клубы үшін аса табысты кезеңдердің бірі болды. 25 қазанда команда Қазақстан Премьер-лигасындағы бірінші орнын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Чемпионат қорытындысы бойынша шымкенттік клуб 68 ұпай жинап, өткізген 30 матчының 21-інде жеңіске жетті. Бұл көрсеткіш команда ойыншыларының тұрақты дайындығы мен маусым бойы жоғары нәтиже көрсетуге деген ұмтылысын аңғартады.
Айта кетейік, бұл – «Ордабасының» клуб тарихындағы екінші чемпиондық атағы. Бұған дейін команда 2023 жылы Қазақстан чемпионы атанған болатын. Ал биылғы маусымда чемпиондық атақпен қатар ел Кубогын иеленуі клубтың жетістігін жаңа деңгейге көтерді.
7 қарашада «Түркістан Арена» стадионында өткен Қазақстан Кубогының финалында «Ордабасы» қызылордалық «Қайсар» командасымен кездесіп, қарсыласын 4:1 есебімен жеңді. Осылайша шымкенттік клуб Ұлттық кубокты үшінші рет иеленді. Бұған дейін команда 2011 және 2022 жылдары осы турнирдің жеңімпазы атанған еді. Ал бір маусымда ел чемпионаты мен Кубогын қатар жеңіп алу клуб тарихында алғаш рет тіркеліп отыр. Сонымен бірге «Ордабасы» 2012 жылы Қазақстан Суперкубогын да жеңіп алған.
Шымкент футболының тарихы бірнеше онжылдықты қамтиды. Оның бастауы 1976 жылы «Мелиоратор» командасының құрылуымен байланысты. Ал қазіргі «Ордабасы» футбол клубы 2003 жылы құрылып, содан бері елімізге танымал командалардың біріне айналды. Клубтың бүгінгі жетістігі осы жылдар бойы қалыптасқан футбол дәстүрінің жалғасы іспетті.
Тарихи «алтын дубль» команда үшін ғана емес, тұтас қала спорты үшін маңызды оқиға болды. Бұл нәтиже «Ордабасының» жоғары мақсаттарға ұмтылып, ел футболындағы жетекші орын үшін күресуге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Чемпиондық атаққа қол жеткізген клуб келесі маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Қазақстан намысын қорғайды.
Салтанатты кеш футбол маусымының лайықты қорытындысына айналып, тарихи жеңіс авторларын ұлықтауға арналды. Жанкүйерлердің қолдауы мен команданың табанды еңбегінің нәтижесінде келген бұл жеңіс Шымкент тұрғындарының ортақ мақтанышына айналды. «Ордабасының» жетістігі қаладағы футболға деген қызығушылықты арттырып, жас спортшыларға жаңа мақсаттарға ұмтылуға үлгі болары сөзсіз.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
