
Сонымен, Түркістан шаһарында тоқыма өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды. Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. Бүгін «Түркістан тоқыма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің («Kazakhstan Lihua») жіп иіріп, мата өндіретін ірі өндірістік кешені өз жұмысын бастады. Бұл маңызды оқиға өңірдің ғана емес, тұтас елдің жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту жолындағы жаңа кезеңнің басталғанын айғақтайды.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, зауыттың іске қосылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған терең өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттермен толық үндес екенін атап өтті. Өңір басшысы өз сөзінде Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Жаңа зауыттың ашылуы өңір экономикасын дамытудағы стратегиялық қадам екенін атап өткен облыс әкімі мақтаны терең өңдеу экономикалық тәуелсіздіктің негізі екенін айтты. Сондай-ақ Түркістанның болашағы тек рухани-мәдени орталық ретінде ғана емес, өндірісі мен инновациясы дамыған заманауи экономикалық орталық ретінде қалыптасуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауында шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға басымдық беру қажеттігін нақты айтты. Түркістан облысында осы бағытта жұмысты жандандырып, мақта кластерін дамытуды бастадық. Бұл жұмыстар мақтаның экспорттық бағасына тәуелділіктен арылтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алдағы 5 жылдықта дайын өнім шығаратын толық циклді кәсіпорындарды құрып, мақтаны өсіруден бастап, киім тоқуға қол жеткіземіз. Соның алғашқы қадамдарының бірі – «Түркістан Текстиль» кәсіпорны. Бұл – өңіріміздегі тоқыма өнеркәсібінің жаңа кезеңінің бастауы болатын ірі инвестициялық жоба. Мақта – өңіріміздің басты стратегиялық дақылы. Ендігі мақсат – оны тек шикізат ретінде экспорттау емес, терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару. Алдағы бес жылда мақтаны өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу және дайын киім тігуге дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздеп отырмыз. «Түркістан текстиль» – осы үлкен мақсатқа бастайтын алғашқы нақты қадам. Біз Түркістан облысын дотациялық аймақтан өзін-өзі толық қамтитын, өндірісі дамыған өңірге айналдыруымыз керек. Ал оның бірден-бір жолы – инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу. Сондықтан Түркістан облысы үшін мұндай ірі өнеркәсіптік жобалардың маңызы зор. Түркістан – тек рухани шаһар ғана емес, өндірісі мен инновациясы дамыған жаңа экономикалық орталыққа айналады, – деді Нұралхан Көшеров.
«Turan» арнайы экономикалық аймағынан 42 гектар жер бөлінген өндірістік кешеннің жалпы инвестициялық құны – 86,2 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал 2026 жылдың желтоқсан айына дейін зауыттың келесі үш кезеңі толық аяқталып, қосымша 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – Түркістан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аса маңызды көрсеткіш. Жаңа жұмыс орындары халықтың әл-ауқатын арттырып, ішкі көші-қонды азайтуға, кәсіби кадрларды өңірде ұстап қалуға мүмкіндік береді.
Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 миллион шаршы метр мата, 2 миллион төсек-орын жабдықтары жиынтығы мен 4 миллион көрпе өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер отандық жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар кәсіпорын өнімдерінің едәуір бөлігі экспортқа бағытталмақ.
Сала сарапшыларының пайымдауынша, бұл жоба Түркістан өңірінде жеңіл өнеркәсіпті жүйелі түрде дамытуға, мақта саласының тиімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге серпін береді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін толық пайдалану арқылы шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды өндірістік алаң қалыптастырады. «Түркістан текстиль» зауытының іске қосылуы – өңір экономикасының әртараптануына, жаңа индустриялық бағыттардың қалыптасуына және Түркістанды жаңа экономикалық орталыққа айналдыру жолындағы нақты әрі маңызды қадам.
Түркістан тек тарихы терең, руханияты биік қала ғана емес, өндірісі өркендеген, болашағы нық аймақ ретінде дамуын жалғастыра беретініне бұл жоба айқын дәлел болмақ. Тағы бір қоса кетер жайт, Түркістан облысында импорт алмастыратын 20 жоба іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде 53 миллиард теңгеге жуық импорт тауарларын алмастыруға мүмкіндік береді. Индустриалдық аймақтарда құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 миллиард теңгені құрайтын, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылу үстінде.
Расын айту керек, өңірде агроөнеркәсіптік өндірісті әртараптандырудың жаңа кезеңі басталды. Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ірі кластерлік жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен һәм облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауымен өңір экономикасының тірек салалары саналатын мақта, жүгері және ет өндірісі бағытындағы кешенді бастамалар шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім шығаруға көшуге жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан облысында мақта өнімін экспорттауға тәуелділікті жою және дайын өнім секторына кешенді түрде көшу мақсатында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Жоба аясында мақта кластері бағытында бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 7 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жалпы көлемі 201 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.
Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, жыл сайынғы өндіріс көлемі 229 мың тоннаға дейін жеткізіледі деп жоспарланған. Бұл көрсеткіш өңірдің мақта шаруашылығын жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға жол ашады.
Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС тарапынан мақтаны терең өңдеуге және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы өндірістік нысанның құрылысы басталды. Аталған жобаның құны 146,8 миллиард теңгені құрайды. Кешен аясында толық өндірістік циклді қамтитын мақта өңдеу, иіру, тоқыма, мата өндіру, бояу және өңдеу бағыттары бойынша төрт зауыт салынатын болады. Бұл жоба өңірдегі тоқыма өнеркәсібінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне негіз қалайды.
Өңірде құны 30 миллиард теңгені құрайтын жүгері өндірісі кластері де қарқын алып келеді. Жоба аясында заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кәсіпорын іске қосылып, 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 150 мың тоннаға дейін крахмал өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрақты экспорт көлемін қалыптастыруға жол ашады. Аталған жоба еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және өңір экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қоспақ.
Түркістан облысы республика бойынша мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауда жетекші орынға ие. Қазіргі таңда елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы өңірдің үлесінде. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 29,1 мың тонна ірі қара мал еті, 27,0 мың тонна қой еті және 103,1 мың бас мал экспортқа жөнелтілді. Осы бағытта өңірде ет кластерін дамыту бойынша жеті ірі жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың жалпы құны 50 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде жылына 35 мың тонна ет өнімін өндіру қуаты қалыптасып, 802 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңдары мен ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, сондай-ақ заманауи мал биржасы салынуда. Бұл жобалар өңірдің мал шаруашылығы саласын жаңа индустриялық деңгейге көтеріп, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында іске асырылып жатқан мақта, жүгері және ет кластерлері өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін толық іске қосуға бағытталған жүйелі қадамдар болып табылады. Бұл бастамалар жаңа өндірістерді іске қосып қана қоймай, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтуға, экспорттық кірістерді ұлғайтуға және облысты еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталығына айналдыруға негіз болмақ.
Түркістан өңірі осылайша дәстүрлі ауыл шаруашылығын заманауи өндіріс пен терең өңдеумен ұштастырып, ел экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
