
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан һәм қала әкімдерінің орынбасарларымен өткізген мәжілісінде жетекшілік ететін салаларының басшыларымен бірге орындаушылық тәртіпті талдап, тапсырмалардың көрсеткішін таразылады.
Түркістан облысында 9 ауданда қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон орындарын оңтайландыру үшін тиісті құжаттары рәсімделуі қажет. 13 ауданда су қорғау аймақтары мен белдеулерін Су кодексі талаптарына сәйкестендіру жұмысы жалғасады. Барлық ауданда елді мекендердегі ағаштардың есебі алынып, жыл соңына дейін геопорталға енгізіліп аяқталуы тиіс. Сонымен қатар аудандар дендрологиялық жоспардың орындалуы үшін статистикалық органдарға шаруашылықтардың балық өсіру есебін толық өткізуді қамтамасыз етуі керек.
2025 жылы балық өсірумен айналысатын 16 шаруашылық ашылып, осы бағыттағы жалпы шаруашылық саны 209-ға жеткен. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұсынған мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін өңірде өсірілген балық көлемі 7 мың тоннадан асқан. Дегенмен, көрсеткіш нақты болуы үшін, аудан-қалаларда есеп дұрыс тапсырылғаны жөн екені түсіндірілді.
Облыс әкімінің орынбасары 2026 жылы облыс аумағында салынатын ветеринариялық нысандардың жерін белгілеу, құжаттарын рәсімдеу ісін жеделдетуді ескертті. Нысанның құрылысына қажеттілік жоқ деп танылған жағдайда, аудан-қалалардың жауаптыларына жыл соңына дейін хат жолдап, бас тарту шешімін негіздеуді жүктеді.
2026 жылы су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша жоспар түзілді. Жетісай және Мақтаарал аудандарында келесі жылы тамшылатып суғару желісінің 2 өндірісі іске қосылады деп күтілуде. Мәжіліс барысында технологияны ендіру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар сараланып, жерді тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді қаржыландыру мәселесі қаралды.
Сондай-ақ, келесі жылға жоспарланған 49 инвестициялық жобаны мерзімінен кешіктірмей іске қосу бойынша атқарылатын жұмыстардың орындалуы қатаң бақыланатыны, тоқсан сайын есеп алынатыны ескертілді.
Балықшылар өңірді ғана емес, экспорттың әлеуетін арттыруды да жоспарлап отыр. Шаруашылықтың бұл түрі бойынша өңір көш басында тұр. 2030 жылға дейін Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға арттыру көзделген. Ал биылғы жоспар — 7467 тонна. Қазіргі таңда балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 245-ке жетіп, оның 164-і облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен заңдастырылған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 7,4 миллиард теңге және қайтарым қаражатынан 1,3 миллиард теңге жоспарланған. Аталған бағдарламаның IV бағытына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту көзделіп, 2025 жылға 71 жобаға 698 миллион теңге қарастырылған.
Түркістан облысы балық өсіруден жақсы дамыған өңірлер тізімінде көш басында тұр. Биыл 4,3 мың тонна балық еті өндірілген.
Сонымен қатар облыста экспортқа бағытталған 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды. Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтсақ, облыстық бюджеттен акваөсіруді субсидиялау үшін 2025 жылға 500,0 миллион теңге бөлініп, 4 мың 586 тонна балық азығы, 500 мың балық шабағы, 4 дана биологиялық ғылыми негіздемелер субсидияланды. Ал республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін субсидиялауға 120 миллион 500 мың теңге бөлініп, 3,2 миллион теңгесі игерілді.
Атап өту керек, балық шаруашылығы – экономикалық өсудің жоғары әлеуеті ретінде агроөнеркәсіптің маңызды салаларының бірі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2021–2030 жылдарға арналған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі индикаторлары: 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін арттыру; ішкі тұтынуды жылына 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін ұлғайту; балық ресурстарының табиғи популяциясын 7%-ға арттыру. Бұл жайлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Оның хабарлауынша, ағымдағы жылдың 11 айында балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық.
«Осы кезеңде 38,5 мың тонна балық ауланды, 12,2 мың тонна балық өсірілді. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Сонымен қатар ағымдағы жылы экспорт 7%-ға төмендеп, 12,7 мың тоннаны құрады, ал импорт 5%-ға өсіп, 38,8 мың тоннаға жетті», – деді спикер.
Халықтың жан басына шаққандағы балық тұтынуы 4 келіден 5 келіге өсті, алайда ұсынылатын көлем 14,5 келі болып белгіленген. Кәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіледі. Балық аулаумен 700-ден астам балық шаруашылығы субъектілері айналысады, онда шамамен 12 мың балықшы еңбек етеді.
Елімізде 20 халықаралық және республикалық маңызы бар су айдыны тіркелген. Олар 366 учаскеге бөлінген, оның ішіндегі 271 учаске немесе 75%-ы 139 пайдаланушыға бекітілген. 95 учаске бос тұр. Жергілікті маңызы бар 2997 су айдынының 1578-і 1163 пайдаланушыға бекітілген. Резервтік қорда 1419 су айдыны бар. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін балық аулауға 63 мың тонна көлемінде квота бөлінді, оның 38,5 мың тоннасы игерілді.
Балықты жылына жалпы қуаты 120 мың тонна болатын 72 кәсіпорын өңдейді, олардың 20-сы ЕО елдеріне балық өнімдерін экспорттауға құқылы. Балықтың 50 түрі әлемнің 21 еліне (Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Қытай және т.б.) экспортталады. Жалпы, 2025 жылдың 10 айында балық өңдеу кәсіпорындары 45 мың тоннаға жуық ысталған, мұздатылған дайын өнім өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық.
Қайта өңделген өнім көлемін ұлғайту мақсатында мынадай шаралар көзделген:
балықты өңдеумен айналысатын субъектілер үшін ҚҚС-ты 70%-ға төмендету;
қайта өңдеушілер үшін айналым қаражатын толықтыруға 5% жеңілдікпен несие беру;
өндірістік қуаттарды жүктеу мақсатында өңделмеген балықты экспорттауға жарты жылға тыйым салынды.
2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,2 миллиард теңгені, ал 2025 жылдың 10 айында 4,6 миллиард теңгені құрады. 2021–2024 жылдары жалпы құны 21,4 миллиард теңге болатын, жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндірісіне мүмкіндік беретін 87 жоба жүзеге асырылды. Бүгінде балық шаруашылығы саласында 44 ірі жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Оларды 2030 жылға дейін іске асыру көзделген, инвестициялар көлемі – 50 миллиард теңге, өсірілетін балық көлемі – 16 мың тонна, қайта өңдеу – 17 мың тонна және балық жемі өндірісі – жылына 6,7 мың тонна. Ірі жобалардың басым бөлігі Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында орналасқан.
2024 жылы балық өсіру және өңдеу жобаларын 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен несиелеу көзделген. Биыл әкімдіктермен бірлесіп, жалпы құны 20 миллиард теңгеге жуық, жобалық қуаты 6 мың тонна болатын және 280 жұмыс орнын құру қарастырылған 14 әлеуетті жоба анықталды.
«Қазіргі таңда балық шаруашылығының 7 субъектісі 4,5 миллиард теңге көлемінде несиелік қаражат алды. Екіншіден, Каспий теңізінде майшабақ аулау лимиті 8 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде инвесторлар тартылып, олар екі теңіз балық аулау кемесімен майшабақ аулап жатыр», — деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ барлық портта балық аулау кемелері үшін порттық қызметтерге 70% жеңілдік қарастырылған.
Сонымен қатар «Аквамәдениет туралы» Заңды іске асыру аясында төмендегідей шаралар көзделген:
— аквамәдениет субъектілеріне су беру қызметтерін субсидиялау;
— айналым қаражатын толықтыру үшін 5% мөлшерлемемен кредиттеу енгізу;
— аквамәдениетті жүргізуге байланысты нысандарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде салуға рұқсат беру;
— торлы шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында балық шаруашылығы учаскелерін беру.
Комитет өкілдерінің пікірінше, өнеркәсіптік балық аулау саласындағы инвестициялық климатты жақсарту үшін балық шаруашылығы су айдындарын аквамәдениет саласындағы инвестициялық жобаларға ұқсас тәсілмен беру қажет. Бекіре, тұқы және албырт тұқымдас балықты өсіру әлеуетін сақтау және дамыту үшін балық питомниктерін жаңғыртып, техниканы және құрал-жабдықтарды толық жаңарту қажет. Жайық және Қиғаш өзендерінің сағаларында балықтардың уылдырық шашу орындарына көшу мәселесін шешу үшін түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Балықтардың жаппай қырылу қаупінің алдын алу және оның салдарын жою бойынша көмек көрсетуге арналған бірыңғай іс-қимыл алгоритмі бекітілді.
Айтпақшы, Ұлттық статистика бюросы таратқан деректерді де сөйлете кетсек. 2025 жылдың қаңтар–қазан аралығында нақты мәнде 36,2 мың тонна салқындатылған және мұздатылған балық өндірілген екен. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 мың тоннаға көп. Жалпы өндіріс өткен жылдың қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда 18,4% өсті.
Консервіленген балық, уылдырық және оның баламаларын өндіру көлемі де аталған кезеңде 18,6% артты. Егер биылғы жылдың 10 айында қазақстандық өндірушілер 12,3 мың тонна өнім шығарса, өткен жылдың осындай кезеңінде бұл көрсеткіш 10,4 мың тонна болған.
2025 жылдың екінші тоқсанында балық және теңіз өнімдерін орташа тұтыну бір адамға шаққанда тоқсанына 3,5 келі болды. Оның ішінде жаңа ауланған немесе салқындатылған балық — 2,3 келі, мұздатылған балық — 0,3 келі, майшабақ — 0,2 келі, консервіленген балық — 0,1 келі.
Өңірлер арасында балық өнімдерін ең жоғары тұтыну Солтүстік Қазақстан облысында байқалды — тоқсанына жан басына шаққанда 5,7 келі. Ақмола облысында — 5,6 келі, Атырау облысында — 5 келі, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында — 4,9 келі-нан. Ең төмен көрсеткіш Шымкентте тіркелді — тоқсанына жан басына 1,1 келі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
