Түркістан облысы: Ордабасы ауданында жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер мен көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл ретте Ордабасы ауданында еңбек адамының, жұмысшы мамандық иелерінің беделін көтеру, қолдау жұмыстары жандануда.

Бүгін әйелдердің халықаралық күні қарсаңында аудандағы түрлі салада қызмет етіп келе жатқан қыз-келіншектерге мерекелік кеш ұйымдастырылып, құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға «Темірлан абаттандыру» КММ, Таза су» МКК-нің, «Қажымұқан-Қараспан» топтық су құбыры өндірістік бөлімшесінде қызмет етіп жүрген арулар арнайы шақырылды.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі аянбай еңбек етіп жүрген аруларды айтулы мерекелерімен құттықтап, алғысын жеткізді.

– Мемлекет басшысы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты бойынша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы қажет екенін баса айтқан. Мамандықтың үлкен-кішісі, маңызды-маңызсызы, жақсысы мен жаманы, жоғары-төмен дәрежелері болмайды. Жұмысшы мамандықтарының маңызын жете ұғынып, сала мамандарына үлкен құрметпен қарауымыз керек, – деген Азат Оралбаев мерекелік сый-сияпат жасап, қарапайым еңбек адамдарына деген ерекше құрметін көрсетті.

Бүгінде Ордабасы ауданының экономикалық және демографиялық дамуында әйелдер қауымының үлесі орасан. Мәселен, «Темірлан абаттандыру» КММ-де 138 жұмысшы қызмет етсе, оның 57-сі – нәзікжандылар.

Сонымен қатар аталмыш мерекеге орай Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауылдық округтердегі көпбалалы аналардың шаңырақтарында болып, әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналып отырған аяулы аналарды мерейлі мерекемен құттықтады.
«Халқымыз қашан да ананы ардақтап, әйелдерді қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі деп бағалаған. Жылына бір тойланатын мерекеде барша ана, қыз-келіншектеріміздің еңбектерін бағалап, сый-құрмет көрсету біздің парызымыз», — деді Азат Оралбаев.
Аудан басшысы түрлі салада қарапайым жұмысшы болып қызмет атқарған көпбалалы аналармен сұхбаттасып, мерекеге орай сый-сияпат жасады. Өз кезегінде ардақты аналар аудан әкіміне арнайы құттықтап келгеніне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Айта кетейік, Темірлан ауылының тұрғыны Оразкүл Алшынбаева 13 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 50 немере, 35 шөбере көріп отыр.
Қараспан ауыл округіне қарасты Берген ауылының тұрғыны Оразкүл Арыстанбайқызы 3 ұл, 3 қызы өсіріп, 23 немере мен 6 шөбере көріп отыр. Ардақты ана 40 жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.
Қажымұқан ауылының тұрғыны Ұлбосын Ақмолдақызы 4 баланы дүниеге әкеп, олардан 11 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Ұлбосын апа Қажымұқан совхозында жұмыс істеп, трактор, комбайн айдаған. Кеңес дәуірінде депутат болып сайланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin