ШЫМКЕНТ: «АБАЙ» САЯБАҒЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Тұран ауданында жалғасын табуда. Бұл жолы жұмыс тобы «Абай» саябағын толықтай тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

«Киелі мекен» науқаны аясында тұрғындардың басым көршілігі бұл тазалық жұмыстарының алдағы уақытта жақсы нәтиже беретіндігінен үмітті. Өйткені әрбір істе жүйе болса жемісті болады дейді.

Тазалық жұмыстарының басталғанына екінші аптаның жүзі болды. Қазірдің өзінде көптеген жұмыстар атқарылды. Басты мақсат осы акцияға тұрғындарды дәріптеу. Жастар осы шараны көргеннен кейін, өздері қоқыс тастамауға, айналаны таза ұстауға үйренеді деп ойлаймыз. Өйткені әрбір тазалық күнінде ерікті жастар үлкен үлес қосуда. Апталыққа «Киелі мекен» деп атау қоюның да өзіндік мәні бар. Еліміздегі біртуар азаматтарды мәңгі ел есінде сақтау және оларға құрмет көрсету осындай тазалық мәдениетінен басталады,— дейді Тұран ауданы әкімдігінің Қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Әбілкәрім.

Шымкент қаласындағы киелі мекендер, саябақтар мен аллеялар, ескерткіштерді тазалау осы аптамен аяқталмайды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар дәстүрлі түрде жалғасады. Тұран ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырумен болған «Абай» саябағының тазалық жұмыстарын жүргізуге барлығы 2 техника, 50 адам жұмылдырылды.

Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin