Шымкент: «Алло, біз Сіздің шағымыңызды тыңдап тұрмыз!»

Әдетте кез келген азамат күнделікті өмірде туындайтын мәселелерінің едел-жедел өз шешімін тапқанын қалайды. Әрине, ол үшін жергілікті билік халыққа етене жақын болып, дер кезінде құлақ түре білсе, қанеки! Бұл тұрғыдан алғанда, Шымкент қаласы әкімдігі тұрғындардың талап-тілегі мен арыз-шағымын тәулік бойы тыңдап, оң шешілуі үшін жанды байланыс, тығыз қарым-қатынас орнатқанын айрықша атап өткен абзал.  

Сонымен, Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде 2020 жылғы 26 маусымда Шымкент қаласында телефоныңыздан 109 нөміріне қоңырау шалуға болатын «i-Shymkent» жобасы жүзеге асырылды. Мекеме бүгінде «Шымкент қаласының ситуациялық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталады. Нақтылай айтсақ, бұл – кез келген шұғыл емес мәселелер бойынша қала тұрғындары хабарласа алатын бірыңғай байланыс орталығы.

Атап өтерлігі, қазіргі таңда қалалық ситуациялық «109» бірыңғай байланыс орталығы коммуналдық кәсіпорындардың барлық байланыс орталықтарын біріктіреді және 24/7 тәртібінде жұмыс атқаратын, қала тұрғындарымен тікелей байланысатын жалғыз орталық болып табылады. Мекеме директоры Азат Әміртаевтың айтуынша, орталыққа келіп түскен барлық өтініштер өңделеді және тіркеу нөмірі беріліп, тұрғындар өтініштерінің арнайы тізіміне енгізіледі, белгіленген мерзімде шешу үшін әрі қарай мемлекеттік органдарға, коммуналдық қызметтерге жіберіледі.

Сонымен қатар шымкенттіктер барлық төтенше емес жағдайлар бойынша «109» қысқа нөмірімен қоса «87777109109» ватсап нөміріне хабарлама қалдырып, Instagram «@ishymkent109», Facebook «Ikomek 109 Shymkent», Telegram-bot «shymkent_109_bot» және мобильді қосымша «Komek 109» арқылы өз өтініштерін білдіре алады.

«Орталыққа ашылған күннен бастап барлығы 808 878 арыз-шағым түскен. Оның 99%-ы орындалып, өз шешімін тапты. Қалған арыз-шағымдар жауапты мекемелер тарапынан қаралу үстінде. Арыз-шағымдардың 85 пайызы «109» нөмірі арқылы түссе, қалғаны жоғарыда атап көрсетілген қосымша 5 байланысу тәсілі арқылы тіркелген. Күніне түсетін арыз-шағымдар саны орта есеппен 800-2000 аралығын құрайды. Барлық қоңыраудың 78 пайызы 1 қоңыраудан шешімін тапты. Қоңырауларға орташа жауап беру уақыты 19 секундты құраса, әлеуметтік желілерде жауап берудің орташа уақыты 3-5 минутты құрайды» — дейді Азат Ермекбайұлы.

Әрине, «жалғыз ағаш орман емес, бір мекеменің қолынан ештеңе келмейді. Мегаполис халқының қолайлы өмір сүруі үшін шұғыл әрекет етуді басты қағидасына айналдырған орталық басшылығының іскерлігі мен жұмысты шебер ұйымдастыра алуының нәтижесінде аталмыш мекеме 123 мекемен бірлесе қызмет атқарып отырған жайы бар. Олар: 22 басқарма, 5 аудан әкімдігі, 7 монополист мекеме, 71 денсаулық сақтау ұйымы, Төтенше жағдайлар департаменті және өрт сөндіру қызметі, СЭБД (СЭС), көпқабатты үйлердің лифтіне қызмет көрсетуші 10 мекеме, 4 қоғамдық көлік компаниясы, Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдары.

Назар аударар тағы бір жайт, Шымкент қаласының тұрғындары 109 орталығына қаланың тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерінен бөлек психологиялық көмек, жалпы тәжірибелік дәрігерге (терапевт) жазылу, жоғалған не табылған заттар бойынша ақпарат беру, жеделсатыларда адам қалып қойса, дәрі-дәрмектер туралы ақпарат, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері, тұрғын үй, жер кезектерін білу, еңбек қатынастары және тағы да басқа мәселелер бойынша сұрақтары немесе шағымдары болса, бірыңғай 109 нөміріне хабарласа алады.

Түйіндей айтқанда, @ishymkent109 бірыңғай байланыс орталығының бағыты тұрғындардың өтініштерін қабылдау, орын алған жайттарды, апаттарды, коммуналдық және жедел қызметтер жұмысын үйлестіру болып табылады.

Сондықтан Шымкент қаласының ситуациялық орталығының қызметкерлері күн-түн демей, Сіздің арыз-шағымыңызға құлақ түріп, оң шешілуіне септігін тигізуге әзір!

Т.ФАЗЫЛБЕК.

 

 

 

 

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin