Шымкенттік полицейлер 90-ға жуық отбасыға қайырымдылық жасады

Шымкент қаласы әкімдігі мен Шымкент орталық мешітінің ұйытқы болуымен үшінші мегаполисте «Рамазан — қайырымдылық айы» акциясы жалғасуда.


Шымкент қаласы Полиция департаменті қызметкерлері мен «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының кезекті қайырымдылық шарасы Қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келді.

Атап айтсақ, Еңбекші және Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері асыраушысынан айырылған 86 отбасыға барып, жағдайларын сұрап, Рамазан айымен құттықтады. Тәртіп сақшылары атынан арнайы оразаға қажетті азық-түліктерді үлестіріп берді. Өз кезегінде асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасы мүшелері шымкенттік тәртіп сақшыларына алғыс айтып, шынайы ризашылығын білдірді.

«Менің сегіз балам бар. Сіздерге үлкен алғысымды айтқым келеді. Рамазан айында күнделікті бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктермен қамтып жатқандарыңызға! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Рамазан айында жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын! Сауапты іс жасап жатырсыздар!» – деді Айгүл Үйсінбаева.

Шымкент қаласы Бас санитарлық дәрігерінің №9 Қаулысына сәйкес, азаматтардың көп шоғырлануына жол бермеу мақсатында азық-түлік себеті 86 отбасының үйлеріне жеткізілді. Шара барысында санитарлық талаптар қатаң сақталды.

«Шымкенттік тәртіп сақшыларының жұмыстан тыс уақытта сауапты іске жұмылып, көмекке зәру отбасыларға материалдық көмек беріп жүргенін бірі білсе, бірі білмейтін болар. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Біз 86 отбасының балаларына ағалық қамқорлық көрсету мақсатында бүгін осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Әрі бұл жас мамандарды тәрбиелеудің бір бағыты. Мұндай игі істерді біз ұдайы ұйымдастырамыз. Оны үнемі жария ете бермейміз. Бұл қасиетті Рамазан айында жеке құрамның бірауыздан келісіп, қолға алған шарасының бірі ғана», — деді Қаратау аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Серік Төлегенов.

Айта кетер жайт, аталмыш шара Шымкент қаласы Полиция департаментінің идеологиялық бағыттағы жоспарына сәйкес, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл бағыттағы игі шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Еске сала кетейік, Шымкентте Рамазан айындағы қайырымдылық шарасы бойынша көмек алушылардың базасы жасалып, қала бойынша шаһардағы «Ақмешіт», «А.Қаттани», «Байғұт баба», «Нұр-Төбе», «Сайрам», «әл-Біләл» мешіттері таңдалып, орталықтандырылды.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.