Түркістан облысы: Ордабасы ауданында инфрақұрылым мәселесі назардан тыс қалған емес

Бұған аудан әкімі Азат Оралбаевтың Қарақұм ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесуінде көз жеткіздік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу тәртібі бектілген. Осыған сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер кестеге бойынша жыл ішінде тұрғындармен кездесу өткізіп, мәселелерін тыңдайды.

Алдыңғы кездесуде қарақұмдықтар тарапынан Қарақұм ауылының К.Стаев көшесіне жол кедергісін қою, ауылдағы қаңғыбас иттерді аулап жою, Қарақұм ауылындағы А.Молдағұлова және Т.Әубакиров көшелеріне жарықшам орнату, Жаңа құрылыс аумағындағы көшелерге тас төсеу мәселесі көтерілген болатын. Алғашқы екі мәселе орындалып, қалған екеуі бойынша жұмыстар жүруде. Мәселен, жаңа құрылыс аумағындағы жолдарға тас төсеуге 2025 жылға сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы қарастыруға сұраныс жолданған.

Аудан басшысы Қарақұм ауылдық округінде ағымдағы және алдағы жылдары қолға алынатын жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын ауылды таза ұстауға, сенбілік шараларына белсенділік танытып қатысуға шақырды.

Кездесуде қарақұмдықтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, оларға аудан әкімі және салалық бөлім басшылары тарапынан жауаптар алды.

Мұнан өзге аудан әкімі Азат Оралбаев бекітілген кестеге сәйкес Жеңіс ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесті. Кездесуге аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан әкімі аппаратының басшысы, салалық бөлімдердің басшылары мен мекемелердің жетекшілері, қоғам белсенділері қатысты.

2023 жылы өткен есепті кездесулерде жеңістіктер тарапынан 9 мәселе көтерілген. Оларды шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай өтініштердің біреуі Жеңіс ауылындағы ауыз су мұнарасына баратын жолға тас төсеу болған. Биыл ақпан айында ұзындығы 3 шақырым болатын жолға тас төселді. Жеңіске балалар ойын алаңшасын салу, Дихан ауылына баратын жолды асфальттау және т.б.бірқатар мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүруде.

Аудан басшысы 2024 және алдағы жылдары ауылдық округте атқарылатын жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ осы жолғы кездесудегі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер хаттамаға түсіріліп, олар бойынша жұмыс жүргізу және ұсыныс енгізу бойынша сала мамандарына тапсырмалар жүктеді.

Кездесуден кейін аудан әкімі Жеңіс ауылындағы жөндеуден өткен “Қарлығаш” балабақшасында болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin