Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров 2024 жылдың 5 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Майдантал, Жібек жолы, Бабайқорған, Жүйнек, Қарашық және Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты жалғасын тауып келеді. Аталған тапсырмаға сәйкес, жоғарыдағы ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және бұған дейінгі өткен кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша айтып өтті.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң жоғарыда аталған ауылдық округтері әкімдерінің 2024 жылдың 5 айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 миллиард теңгені құраған болса, ағымдағы жылы 132,4 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда нақты 10,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыты 84,7% — ауыл шаруашылығының, 10,2% — өнеркәсіп саласының және 5,1%-ы құрылыс жұмыстарының үлесінде екенін жеткізді.
Аудан бойынша тұрғын үйдің кезегінде 1 379 адам тұр. Оның ішінде аз қамтылған отбасыларды бірінші кезекте тұрғын үймен қамту мақсатында әкімшілік іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, алдағы уақытта қосымша көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетінін атап өтті. Әр салаға жеке жеке тоқталған аудан әкімі барлық салада өсім бар екенін атап өтті. Соның ішінде құрылыс және коммуналдық салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, ағын су, тас арық салу, жайылым жер, тұрғын үйге жер беру, электр жарығының нашарлығын, ауылдарға трасформатор орнату, газ мәселесі, заңсыз салынған тұрғын үйлерді заңдастыру, жаңа мектеп салу, электр бағаналарын жаңарту, «Укаша ата» кесенесіне трансформатор қою, жарықтандыру, Серт елді мекенінің жол бойына аяқжол (тротуар) салу мәселелерін көтерді. Ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы оның шешу жолдары бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Сонымен қатар тағы бір атап өтер жайт, бүгін Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы Бахытжан Полатовтың төралығымен арнайы жиналыс өтті. Жиынға аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары мен ауылдық округінің әкімдері қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде мемлекеттік қызметшілерге өз құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілік рәсімдері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы маңызды қағидалардың бірі — ол мемлекеттік қызметшінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы болып табылады.
Жиналыста мемлекеттік қызметшілердің өз құқықтары мен міндеттері және де тәртіптік жауапкершілік рәсімдері туралы баяндама жасалып, соңында мамандар әлеуметтік қорғалуы жөнінде өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.