Түркістан облысы: Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысы Кентау қаласында 2 мектепте іске қосылды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау тұрғындарымен кездесуде осы және өзге де мәселелерге тоқталды. «Кентауда өндіріс орындарын ашып, инвестициялық әлеуетін көтеру керек. Сонымен бірге жерге қатысты заңсыздықтарды жойып, жүйелі тірлік атқару қажет» — деген өңір басшысы атқарылған жұмыстарды баяндап, кемшіліктерді де айтты.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Кентау қаласында 2023 жылы 2 елді мекенде 7 жобаны іске асыруға облыстық бюджет есебінен 242 миллион теңге бөлінді. Атап айтқанда, Хантағы және Ащысай елді мекендеріндегі 18 көшеге 242 миллион теңгеге қаралып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 3 елді мекенде 6 жобаны іске асыру үшін 477 миллион теңге қаралды «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 492 миллион теңгеге 92 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысы Кентау қаласында 2 мектепте іске қосылды. Кентаудың жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 26 пайызға өсіп, 2023 жылы 76 миллиард теңгеге жетті. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 23 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46,7 миллиард теңгені құрап, жоспар 784 миллион теңгеге артығымен орындалды. Дегенмен, Кентаудың әлеуеті бұдан да жоғары. Біз елдің табысын көтеру үшін жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту мәселесін күн тәртібінен түсірмейміз. Басым бағытымыз – зауыттар мен кәсіпорындар ашу. Инвестор тарту, жобаларды жүзеге асыру өте қиын. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың есебі тыңдалды. Сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындар облыс әкіміне жер дауы, баспанамен қамту, мәдениет үйін салу, жұмыссыздық мәселесі және өзге де түйткілдер тарқатылды. Кентаудағы жылу орталығын жөндеу барысы да айтылды.

Одан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке қабылдады. Түрлі өтініштер мен ұсыныстар айтылып, мәселелер бақылауға алынды.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласындағы индустриалды аймағында болып, онда орналасқан зауыттардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жобаларды пысықтады. Облыс әкіміне ғимарат сыртын қаптайтын құрылыс материалын шығару, металл қалдықтарын қайта өңдеу, керамзит жасау, сылақ торларын шығаратын, резеңке бұйымдарын өндіру, қоқысты қайта өңдеу, цемент және бетон бұйымдарын, кірпіш зауыты және өзге де инновациялық жобалар таныстырылды.

Дархан Сатыбалды осы бағыттағы өндіріс орындарын көбейтудің маңыздылығына, отандық өнім көлемін арттырудың қажеттігіне тоқталды. Жаңа жобаларды жан-жақты зерделеп, әрі қарай дамыту үшін қолдау көрсету жолдарын қарастыруды тапсырды. Қала әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.

Кентау индустриалды аймағының жалпы ауданы – 43 гектар. Кәсіпкерлерге жағдай жасау үшін инфрақұрылыммен толық қамту бағытында жұмыстар атқарылуда. Индустриалды аймақта құрылыс материалдарын шығаратын 8 зауыт орналасқан. Құрылысқа қажетті материалдар өндіретін тағы екі зауыт биыл іске қосылады.

Қаладағы индустриалды аймағына түнгі жарықтандыру желілерін орнату, темір жол торабы мен газ тарту секілді өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылуда.

Полиэтиленді труба шығару цехының жұмысымен танысқан өңір басшысына кәсіпорын иесі өндірісті дамыту жоспарымен бөлісті. 2019 жылы іске қосылған «АБН Альянс» ЖШС-нің өнімдері тапсырысқа орай, Қазақстанның барлық аймақтарына тасымалданады. Жылына 4000 тонна өнім шығарады. 80 адам жұмыспен қамтылған.

Тағы бір атап өтер жайт, Кентау қаласында «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыс істегісі келетін жастар былтырғыдан 30%-ға артқан. Кәмелетке толмағандардың өзі еңбектенуге ниетті.

Бүгінде қалада аталған еңбек топтарының жұмысы басталды. Енді жастар жаз бойы қаланы абаттандыруға атсалысып, жасыл қаланың экологиясын жақсартуға атсалысады.

Маусым айынан бастап кезекті еңбекті 30-ға жуық жас бастады. Жалпы, үш айға 90 жасты еңбекке тарту жоспарланған. Олар әр айда кезегімен жұмыс істейді. Қазіргі таңда 16-34 жас аралығындағы оқушы, студент және жұмыссыз жастар қаланы көгалдандыру жұмыстарына үлес қосуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin