«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыс тұрғындарының арыз-өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар сан түрлі мәселе көтерді. Олардың басым бөлігі жер мәселесін қозғап, тұрғын үй алуға ықпал етуді сұрады.
Мәселен, түркістандық көпбалалы ана тұрғын үйге мұқтаж екенін айтты және жоғары жалақылы жұмысқа орналасуға көмек сұрады. Өтініш иесіне тұрғын үй заң аясында берілетіні түсіндіріліп, пәтер жалдау ақысының жартысын мемлекет тарапынан өтеуге мүмкіндік бар екені айтылды. Сонымен қатар біліктілігіне қарай жұмыс орны қарастырылатын болды. Айта кетейік, осы жылы Түркістан қаласында мыңға жуық кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту жоспарланып отыр. Бұл – үлкен көрсеткіш.
Сауран ауданынан келген тұрғын көршісі екеуі арасындағы жерге қатысты мәселені көтерді. Қазіргі таңда Сауран ауданы жер қатынастар бөлімі тарапынан жер иесімен келіссөздер жүргізіліп, шешу жолдары қарастырылуда. Сарыағаштық тұрғындар үйінің апатты жағдайда екенін айтып, тұрғын үй үлестіруді сұрады. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Арман Абдуллаев комиссия құрып, зерделеу жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. Кентау қаласының тұрғыны жұбайының Ақтөбе облысында өндіріс орнында жарақат алғанын айтып, сауықтыру ақысын өндіруге көмек көрсетуді сұрады. Өтініш иесінің арызы негізінде облыстық бақылау жөніндегі басқармасы тарапынан мәселені шешу бойынша заң аясында жұмыстар жүргізіледі.
Жеке қабылдауға келген азаматтар елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша ұсыныстарын да жеткізді. Олар жол салу, көшені жарықтандыру қажеттіліктерін айтып, ипотекалық тұрғын үйдің сапасына, мердігер мекеменің жұмысына наразылықтарын білдірді. Сонымен қатар жарықты үнемдеу бойынша жоба ұсынды.
Зұлпыхар Жолдасов көтерілген әрбір мәселе зерделеніп, заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.