Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындылары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Басқарма басшысы атқарылған жұмыстар мен жоспарланған жобалар туралы толық ақпарат беріп, тұрғындардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған шараларды түсіндірді.
Шымкент қаласында тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында маңызды шаралар қолға алынуда. Қала тұрғындары үшін тұрғын үй мәселесін шешу бойынша қолға алынған шаралар қаланың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
2024 жылы Шымкентте мемлекеттік бағдарлама аясында 364 пәтер құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, нарықтан сатып алу арқылы бұл көрсеткішті 1000 пәтерге жеткізу жоспарланып отыр. Жаңа пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілгеннен кейін:
- 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына,
- 351 пәтер көпбалалы отбасыларға,
- 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер ұсынылмақ. Бұл шара жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға және жұмысқа тартуға бағытталған. Қалада 2274 пәтер жеңілдетілген 2-10-20 және 5-10-20 бағдарламалары бойынша кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Бұдан бөлек, 244 пәтер несиелік негізде Отбасы банк арқылы қолданысқа табысталды.
Шымкент қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз 8000-нан астам азамат арендалық пәтермен қамтылған. 2023 жылы 2000-нан астам пәтер тексеріліп, 68 отбасы тұрғынжайды мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. 2024 жылы 626 пәтер тексеріліп, 20 отбасы үшінші тұлғаларға пәтерлерін жалға бергені анықталды. Нәтижесінде, 23 пәтер өз еркімен мемлекет қорына қайтарылды.
Бұл шаралар Шымкент қаласының тұрғын үй мәселесін тиімді шешу және әлеуметтік қолдау көрсету үшін маңызды қадам болып табылады. Жоспарлар қаланың тұрғын үй жағдайын жақсарту мен әлеуметтік көмек көрсету бағытында жаңа мүмкіндіктер ұсынады.