Шымкент: Судағы қауіпсіздік шаралары нәтижелі болды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шомылу маусымының қорытындылары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Мамандар биылғы шомылу маусымын қорытындылады.

Шомылу маусымы – жаз айларында тұрғындардың көпшілігі су қоймалары мен өзен-көлдерде демалуға шығатын уақыт. Бұл маусым кезінде қауіпсіздік шараларының маңыздылығы ерекше артады. Жыл сайын Шымкент қаласында шомылу маусымына байланысты арнайы дайындықтар жүргізіледі: суға шомылатын аймақтарда құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылады, ақпараттық жұмыстар жүргізіледі, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған арнайы судағы қауіпсіздік сабақтары өткізіледі, — дейді Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев. Оның айтуынша, Шымкент қаласында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда.

Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қаракөзев Нұржан Нұр ханұлы 2024 жылғы шомылу маусымының қорытындысы бойынша, Шымкентте судағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қабылданған шаралар нәтижелі болғанын айтты. Жағажайларда құтқару қызметтері күшейтілді, бұл жазатайым оқиғалардың санын азайтуға көмектесті. Сонымен қатар, жергілікті билік органдары мен қоғамдық ұйымдар тұрғындар арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суға шомылу ережелерін сақтау қажеттілігіне баса назар аударды. Нәтижесінде, өткен жылдармен салыстырғанда, судағы қайғылы оқиғалар саны едәуір төмендеген.

Айта кетейік, Республика бойынша су айдындарында биыл 155 адам суға батып, оның ішінде 47-сі бала екендігі анықталды.

Шымкентте жалпы саны 5 шомылу айдыны бар. Алайда, оның тек 3-інде суға түсуге рұқсат етілген. Бұдан бөлек, қаладағы тағы 13 орында шомылуға тыйым салынған.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin