Бүгін Арыс қаласына қарасты Отырар мен Почтовый тұрғын аудандарында қала күні мерекесі қарсаңында қос бірдей балабақшаның жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.
«Нұр Аяла» бөбекжай балабақшасының ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен ата-аналар қатысты. Жиында қала басшысы сөз сөйлеп, барша тұрғындарды ашылу салтанатымен құттықтады.
Заманауи үлгіде салынған балабақшаның сыйымдылығы 100 балаға арналған. Мұнда баланың дамуына барлық жағдай жасалған. Арнайы мамандардан бастап, қажетті құралдармен толық қамтылған. Бала қауіпсіздігі үшін ішкі және сыртқы бейнекамералар орнатылып, жоғары жылдамдықты интернетпен, акт залы және музыка кабинеттері де қарастырылған. Аталған мекеме бүгінде 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Айтулы күнде қала ішінде кезекті балабақшаның лентасы қиылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Игі шараға қала тұрғындары, ата-аналар мен балалар, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты. Жаңа балабақшаның ішін аралап көрген қала әкімі өз сөзінде бұл балабақша балалардың толыққанды дамуы мен тәрбиесіне үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Почтовый тұрғын ауданында орналасқан «Абудин» балабақшасының сыйымдылығы 140 орынды құрайды. Жаңа балабақша заманауи стандарттарға сай салынған. Қосқабатты балабақшада балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Мекеме заманауи құралдармен жабдықталған және жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуға арналған бағдарламалармен толықтырылған. Мереке қарсаңында ашылған қос бөбекжай – қаланың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы кезекті қадам. Алдағы уақытта да осындай маңызды жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасатын болады.
Айта кетейік, жалпы Арыс қаласында мектепке дейінгі 59 ұйым бар. Оның ішінде 10-ы мемлекеттік болса, қалған 49 балабақша жекеменшік. Онда 5 841 бала тәрбиеленуде.
Арыс шаһарында қала күніне орай орталық көшелерге газ берілді
Арыста жыл сайын қала күні мен теміржолшылар мерекесі салтанатты түрде атап өтіледі. Биыл Арыстың қала мәртебесін алғанына 68 жыл және еліміздегі болат жолдың шешуші учаскелерінің бірі саналатын Арыс теміржол торабының іргетасы төселгеніне 120 жыл толып отыр.
Мерейлі мерекеде қала орталығындағы көшелер көгілдір отынға қосылды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және зиялық қауым өкілдері шаһар орталығында тұратын, алғашқылардың бірі болып газға қосылған М.Жұмабаев көшесінің тұрғындары Орынбетовтер әулетін арнайы құттықтап барды. Әкім бұл қадамның қала тұрғындары үшін аса маңызды екенін атап өтті және газбен қамтамасыз ету жұмыстарының әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда ел аузында «екінші Арыс» аталып кеткен қала орталығының бір бөлігі газға қосылуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Төле би көшесінен бастап, Ақынбековқа дейін; З.Тойбековадан бастап Т.Тәжібаевқа дейінгі аумақтағы үйлер газға қосылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ орталықтағы басқа да көшелер мен мекемелерді газға қосу жұмыстары қолға алынбақ, ол үшін тұрғындар тиісті мекемемен келісім шарт түзіп, монтаждау жұмыстарын жүргізіп, газға қосылуға дайын отырулары маңызды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.