Тұран ауданы: Шымкент каналының бойы ретке келтірілді

Ел Президенті өз Жолдауында «Таза Қазақстан» жобасы жыл бойы жалғасатынын айтты.
«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады», деді Президент Қазақстан халқына Жолдауы барысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
Бүгін шаһарда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтуде. Тұран ауданы аумағындағы «Шымкент» каналы бойында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Қала тұрғындары, белсенді жастар, ардагерлер, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері Адырбеков көшесінен Қонаев даңғылына дейінгі аумақты ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық акцияға қатысушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологиялық мәдениетті көтеруге, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал ететінін айтып, барша азаматтарды осынау игілікті іске белсенді түрде атсалысуға шақырды.
– Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек. Ауданда бұған дейін Қошқар ата, Бадам өзені бойында тазалық іс-шарасы өтті. Бүгін міне, Шымкент каналы бойындағы сенбілікке де көпшілік белсенді қатысып жатыр, – дейді Шымкент қаласы Тұран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбек.
Айта кетейік, аудан аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 50-ге жуық тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin