Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.
«Шымкент жасыл қала екенін жақсы білесіздер. Еліміздегі ең көп саябақтар осы Шымкент қаласында орналасқан. Біз жасыл желек аумақтарын ұлғайтып, микроклиматты қалыптастыру арқылы тұрғындардың демалуына жайлы орта құруымыз қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы 5 жылда 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарымызда бар.
Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Қала тұрғындарына арналған демалыс аймақтарын құру мақсатында «Шымкент сити» шағын ауданында 20 гектар жерде орналасқан саябақ пайдалануға берілді. Бұл жерде 7 мың шаршы метр жасанды көл, амфитеатр, спорт-ойын алаңшаларымен бірге, биіктігі 100 метр «Ту тұғыры» орнатылды.
Жыл соңына дейін жаңа 24 сквер салынады.
Сонымен қатар, шалғайда орналасқан «Сәуле» шағын ауданында ойын, спорт алаңшалары мен жүгіру жолағы бар саябақ іске қосылды.
Қала орталығындағы ирригациялық арықтардан көптеген жылдар бойы су жүрмей, микроклимат бұзылған. Бұл климаты ыстық Шымқаламыз үшін маңызды мәселенің бірі.
Биылдан бастап ұзындығы 12 шақырым болатын 13 магистральді жолдарда ирригациялық жүйелер арқылы су жүргізілді.
Одан бөлек, жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында демеушілер есебінен сквер, саябақ, қоғамдық кеңістіктер құру жұмыстарын қолға алдық.
Атап айтқанда, «BIG tulip», «Спутник» скверлері және «Аналар» аллеясы салынып, «Көл» демалыс аймағы қайта жаңғыртылды және бұрынғы істен шыққан 6,2 шақырым балалар теміржолының орнына, веложолақ пен жаяу серуен аймағы ұйымдастырылды.
Осындай демеушілер есебінен 45 гектар ескі қоқыс полигоны аумағында рекультивация жұмыстары жүргізіліп, «Эко саябақ» салу жұмыстары басталды»,- деді қала басшысы.
«ANYQ.KZ-ақпарат»