Түркістан облысы: Өңір басшысы Түркістан шаһарының тұрғындарымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Отырар» секторында тұрғындармен кездесіп, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Шаһарда жүзеге асатын инфрақұрылымдық жұмыстар туралы баяндады.

– Өздеріңіз білесіздер, Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біз биыл 100-ден аса көшені жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал үш жылда көшелердің бәрін жөндеуге күш саламыз. Көшелердің жағдайын өз көзіммен көріп, саралау үшін арнайы келіп тұрмын. Осы ретте мына мәселені ескеру керек. Инфрақұрылым мәселелері асфальт төселгенге дейін шешілуі керек. Сондықтан тиісті инфрақұрылым, су, газ және кәріз жүйесі толық жүргізілген көшелерге асфальт төсеуді тапсырдым. Жаңадан салынған жолды қайта бұзуға жол берілмейді. Сіздерге жоспарларымызды таныстырдық. Әрине, қаржысы болса, бәрі жедел шешіледі. Дегенмен кейбір жобаларға қаржы бөлінуі кешіксе, түсіністікпен қарауларыңызды сұранамыз. Кезең-кезеңімен инфрақұрылым мәселесі толық шешімін табады, – деген Нұралхан Көшеров ел ағалары мен ақсақалдарға жастарды еңбекке баулу бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Біріншіден, Мемлекет басшысы халықтың жағдайын жасап, тұрмыс сапасын жақсартуды тапсырды. Инфрақұрылым, жол, газ, су, кәріз мәселелері шешіледі. Мемлекет тарапынан барлық жұмысты атқарамыз. Екіншіден, жұмыс орындарын ашпай, аймақтың мәселесі шешілмейді. Сондықтан «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасын қолға алып, өндіріс орындарын ашуға басымдық бердік. Жұмыс орындары ашылуда. Сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін жастарды даярлау қажет. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Өңіріміз үшін өте маңызды бастама. Кәсіпкерлерге, оқу орындарына тиісті ұсыныстар берілді. Аймақтағы колледждерде, жоғары оқу орындарында техникалық және жұмысшы мамандық иелерін дайындап, өндіріске жіберу – мақсатымыз, – деді өңір басшысы.

Кездесуде шаһар тұрғындары Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, жобаларға қолдау білдірді.

Облыс әкіміне Түркістан қаласында инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмыстар жоспары мен жобалар таныстырылды. Оның ішінде «Отырар» секторы бойынша 24,6 шақырымды құрайтын 28 көшені жөндеу жоспарланған. Өзге де секторлар мен шеткі елді мекендерде тиісті жұмыстар жалғасады. 2018 жылы Түркістанды кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 15,8 пайыз болса, бүгінде 36,5 пайызға жеткен. Ал үш жылда қаланың 80 пайыздан астамын кәріз жүйесімен қамту жоспарланып отыр.

2024 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың ұзындығы 430,1 шақырымға (50,9%) жетті. 2025 жылы жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 95,4 шақырымды құрайтын 94 көшесінде ведомствалық сараптаманың оң нәтижесі алынып, 30 көшесінде жөндеу жұмыстар басталған.

Көше демекші, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының ішкі көшелерін жөндеу жобаларымен танысты. Өңір басшысы шаһарды аралап, жөндеу жұмыстары жүретін көшелерді көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен жауапты басшылар құрылысы жүріп жатқан және енді басталатын жобалар туралы баяндады.

Облыс әкімі Бейімбет Майлин көшесіне келіп, «Б.Майлин көшесін реконструкциялау» жобасын көрді. Бүгінде аталған құрылыстың жобалық-сметалық құжаты дайын. Биыл жүзеге асады деген жоспар бар. Тапсырыс беруші – Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Жолдың ұзындығы – 1,96 шақырым. Жоба құны – 1 705,8 миллион теңге.

Нұралхан Көшеров Әліби Жангелдин көшесіне барып, осында салынуы жоспарланған көпірдің жобасын көрді. Көпірдің ұзындығы 1,02 шақырым болса, жолдың ені – 14 метр болады деп жоспарланған. Құрылыс құны – 4 453,9 млн теңге. Облыс әкімі аталған жобаны қайта пысықтап, жүйелеуді тапсырды.

Облыс әкіміне жобалық-сметалық құжаты жасалған әрі қаржыны талап ететін жол құрылысы нысандарының жобалары ұсынылды. Олар жан-жақты сараланып, қаржыландыруға ұсынылмақ. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруды, әрбір мердігердің жұмысын қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге қаланың дамуына оң серпін беретін жобаларға басымдық беру керектігін айтты.

Айта кетейік, Түркістан қаласы аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 2024 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың ұзындығы 430,1 шақырымға (50,9%) жетті. 2025 жылы жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 95,4 шақырымды құрайтын 94 көшесінде ведомствалық сараптаманың оң нәтижесі алынып, 30 көшесінде жөндеу жұмыстар бастау алған. Сонымен қатар қазіргі таңда 43,1 шақырымды құрайтын 65 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаттама әзірленіп, ведомствалық сараптамадан өткізілуде.

Жалпы, жоғарыда аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, 845 шақырым жолдың 568,6 шақырымы асфальт жабындысымен қамтылып, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 67,3% жеткізу жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin