
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті көшпелі кездесу аясында әуелі Шауғар секторының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысы және сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Қала әкімі тұрғындарға алдағы кезеңге жоспарланған жобаларды таныстырып, әрбір тұрғынның сауалына жеке-жеке жауап берді.
Айта кетейік, осыған дейінгі кездесулерде Шауғар секторына қатысты 28 мәселе тіркеліп, оның 17-сі орындалса, 11 мәселені оңтайлы шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, маңызды мәселелердің бірі — инфрақұрылым жүйесін жақсарту дұмыстары қарқынды іске асырылуда. Мәселен, ауыз сумен қамту деңгейін 99,5%-ға жеткізу мақсатында жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерге су жүйесін тарту және қайта құрудың 2-кезек жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде.
Сондай-ақ 2025 жылы 3200-ден астам абонент сапалы электр қуатымен қамтылып, 2026 жылы 22 шақырым электр желісі тартылады және жаңа трансформаторлар орнатылады. 185 жаңа абонентті табиғи газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Абаттандыру бағытында 3 жаңа ойын алаңы салынып, барлығы 19 ойын алаңы күтіп-ұстауға алынған. Төле би мен Сабырханов көшелерінің қиылысында МАФ орнату және аулаларды абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Жол жөндеу бойынша сектор аумағында 36 көшеге асфальт төсеу көзделіп, қазіргі таңда 19 көшеде жұмыстар аяқталған. Қосымша 12 көшеге жөндеу жүргізу үшін конкурс жарияланған.
Сектордағы көшелерді жарықпен қамту көрсеткіші 98%-ды құрайды, қалған 8 көшеге жарық орнату тамыз айына жоспарланып отыр. Қауіпсіздік пен цифрландыру бойынша жыл соңына дейін 35 бейнебақылау камерасы орнатылып, байланыс сапасын арттыру үшін 3 базалық станция қойылады.
Сондай-ақ, қазіргі таңда секторда 2 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді, қосымша 4 дүкен ашу жоспарланған.
Кездесу барысында қала әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген барлық мәселе кезең-кезеңімен және заң талаптары аясында шешілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында белсенділік танытуға шақырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Түркістан қаласының әкімі секторларда халықпен көшпелі кездесулер өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдады.
Отырар секторында қорытындыланған кездесуде қала басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің шешілу барысы мен алда жоспарланған жұмыстар туралы баяндады. «Отырар секторы – қаланың қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі, сондықтан бұл аймақтағы инфрақұрылымдық, әлеуметтік және қоғамдық мәселелер — әрқашан басты назарда», — деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қазіргі таңда Отырар секторында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Атап айтқанда, «Отырар-2» кәріз жүйесінің құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланса, «Отырар-3» кәріз жүйесі 2026 жылдың желтоқсанына дейін пайдалануға берілмек.
Электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша биыл екі нысанның құрылысы басталып, нәтижесінде 3 200-ден астам абонент сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.
Абаттандыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Р.Дастанова көшесі мен айналма тас жол бойында екі жаңа ойын алаңының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, сектор аумағындағы 99 ойын алаңы жөндеуден өтіп, техникалық қызмет көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында биыл жыл соңына дейін Отырар секторында 35 бейнебақылау камерасы орнатылады.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Отырар секторына қарасты 14 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп, тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жеңілдетілген бағамен ұсынылуда.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғындар өз мәселелерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Кездесу соңында қала басшысы тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп, арыз-шағымын тыңдап, бірқатар мәселелерін шешті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.