Түркістан облысы: Созақ ауданында «FSM Social» мобильді қосымшасына қатысты оқыту-семинары өтті

Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсесінің» өңірлік үйлестірушісі Темур Муратовтың қатысуымен «FSM Social» мобильді қосымшасына арналған оқыту-семинары өткізілді.

Семинардың негізгі мақсаты – «FSM Social» ақпараттық жүйесін қолдану арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға жедел әрі кешенді қолдау көрсету бағытында жұмыс жүргізетін мобильдік топтардың қызметін жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік саладағы цифрлық технологияларды тиімді пайдалануды үйрету.

Жиынға аудан әкімінің салалық орынбасары, аудандық полиция бөлімі мен пробация қызметі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Отбасын қолдау орталығы» КММ мамандары, ауылдық округтер мен кент әкімдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау және қоғамдық комиссиялардың өкілдері қатысты.

Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, «FSM Social» қосымшасының тиімділігі мен әлеуметтік саладағы өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Ғалымбек Боранбек жобаның облыстық деңгейде жүзеге асырылу барысын баяндады.

Өз кезегінде сөз алған Темур Муратов «FSM Social» жүйесінің функционалдық мүмкіндіктері, оны қолдану тәртібі, мамандардың жұмысын оңтайландырудағы рөлі туралы кеңінен түсіндірді. Ол аталған қосымша адами фактордың әсерін азайтып, шешім қабылдау сапасын арттыруға, уақытты тиімді басқаруға, сондай-ақ нейрондық желілер мен жасанды интеллект арқылы өнімділікті көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Семинар соңында қатысушылар тарапынан сауалдар жолданып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлердің барлық аудан, қалаларында жеке «Отбасын қолдау орталығы» КММ-дерін ашу туралы тапсырма берген болатын.  Осыған орай, Түркістан облысындағы барлық аудан-қалаларда 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Өткен жылға қарағанда, 10 орталыққа артып отыр.

«Бүгінде «Отбасын қолдау орталықтарында» 160-қа жуық маман қызмет көрсетеді. Ғимараттардың материалдық-техникалық базасын жасақтау, кәсіптік мамандармен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған. 2025 жылдың наурыз айынан бастап орталықтардағы мамандар үшін «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға қолдау көрсету үдерісін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе — жеке көмек жоспарларын құру және мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіру үшін цифрлық құралдарды пайдаланады. Сонымен қатар, орталықтағы қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру үшін өткен жылдан бері бернеше рет семинар-тренингтер өткізілген. Орталыққа жүгінген тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері болған азаматтарға уақытша баспана да беріледі», — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Мирова.

Оның мәлімдеуінше, жыл басынан орталықтарға 4782 өтініш түсіп, мемлекеттік органдардан 426 сигнал тіркелген. Өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкер тарапынан 4033 түрлі қызмет көрсетілген

Айта кетейік, 2022 жылдан бері әрбір қала мен ауданда отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұру үшін отбасын қолдау орталықтарын құру басталды. Орталықтар мемлекеттік отбасылық саясат шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын іске асырады. Одан бөлек, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіреді.

«FSM Social» қосымшасының артықшылықтары туралы айтсақ. Комиссия жұмысының тиімділігін арттыру үшін «FSM Social» мобильді қосымшасы жасалды.

  • Геолокация арқылы өтініш берушінің нақты орнын анықтайды;
  • Шешім қабылдау және зерттеу жүргізу рәсімін жеңілдетеді;
  • Формальды тәсілді жояды;

Қосымша пилоттық режимде Алматы облысының Қонаев қаласында сыналып, 2025 жылдан бастап ел көлемінде іске қосылды.

Биыл Түркістан облысында да орталықтардың жұмысын цифрлық платформаға ауыстыру бойынша «FSM Social» мобильді қосымша іске қосылды. Мобильді қосымша өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға, отбасыларға қолдау көрсету процестерін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе арқылы сигнал беру және цифрлық құралдарды қолдану көмекке мұқтаж адамды ерте анықтауға, оған жан-жақты қолдау шараларын жедел түрде көрсетуге және бекітілген жеке жоспарлық іс-шаралардың орындалуын қадағалауға толық мүмкіндік берді.

Барлық аудан, қалаларда мобильдік топтар жұмыс істейді. Жұмысшы топтардың құрамында әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандарынан бөлек, ішкі істер, білім, денсаулық сақтау, қорғаншылық қызметінен 5 мыңға жуық маман бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You