Сәрсенбілік брифинг: Шымкентте жол сапасы мен әуе қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асып жатыр

Шымкент қаласында жолдардың сақталуы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауыр жүк көліктерін бақылайтын автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда. Жобаға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, алғашқы үш станция биыл іске қосылды. Олар Шымкент–Сайрам және Шымкент–Қарамұрт бағыттарында орналасқан. 15 қазаннан бастап станциялар толық жұмыс істеп, шамадан тыс салмақпен жүрген көліктерге айыппұл салынады. 2026 жылға дейін қалада қосымша алты нүкте ашу жоспарланған. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен дәстүрлі брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек тарқата тоқталды.

Сонымен қатар, Шымкент әуежайында жаңа ұшу-қону жолағы салынады. Бұған дейінгі жолағы соңғы рет 2007 жылы жөнделген еді. Жаңа жолақ 3500 метр ұзындықта, ені 60 метр болып, ИКАО-ның ІІІ санатына сәйкес тұрғызылады. Заманауи жарық-сигналдық жүйемен жабдықталатын нысан ауа райы қолайсыз кезде де ұшақ қабылдауға мүмкіндік береді. Төзімділігі жоғары жаңа жолақ арқылы ауыр жүк ұшақтары мен ірі жолаушы лайнерлерін шектеусіз қабылдау мүмкін болады.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу тапсырылған-ды. Бұл құжат аясында барлық бастамалар мен жобалар жалпыұлттық стратегиямен үйлестіріледі.

Шымкент қаласы халықаралық деңгейде «Dahua Technology», «HikVision» және басқа да smart city, қауіпсіздік және цифрландыру саласындағы жетекші компаниялармен өзара тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол қойды. Бұл келісім қала инфрақұрылымына жаңа технологияларды енгізуге серпін береді.

Сонымен қатар, әуемен жүк тасымалдау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Президент Тоқаевтың Жолдауында бұл саладағы ахуалдың жақсарып келе жатқаны және оның көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екені атап өтілді. Шымкенттің әуежайына KZ/RA3/00004-01 бірегей тіркеу нөмірі беріліп, ресми түрде Еуропаның «RA3» деректер базасына енгізілді. Бұл мәртебе әуежайға Еуропа елдеріне тікелей жүк тасымалдауды транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұл екі жоба да Шымкенттің транзиттік әлеуетін арттырып, қала экономикасына серпін бермек. Жаңа станциялар жолдардың ұзақ мерзімді сақталуына ықпал етсе, әуежайдағы инфрақұрылымдық жаңғыру өңірдің халықаралық байланысын күшейтеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You