Шымкент қаласының әкімі Көксай шағынауданынан 8 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады

Халық арасында «Зеленая балка» аталып кеткен Көксай шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру жалғасуда. Шағынаудан тарихы 1915 жылдан бастау алады. Қалада теміржол құрылысы қолға алынған тұста мұнда тұрғындар қоныстана бастайды.

Елдімекенді «Нахаловка» деп те атайды, өйткені үйлердің едәуір бөлігін азаматтар өз бетінше һәм құжаттарсыз салған. Сәйкесінше, бұл аймақта бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер қалыптасқан. Көппәтерлі үйлердің дені ғасырдан астам уақыт бұрын салынған және апатты жағдайда екені мәлім, ал кейбір тұрғындар ұзақ жылдар бойы тұрмыстық қиындықтарды бастан өткеріп келеді. Тұрғындар криминогендік және тұрғын үй жағдайларына байланысты мәселелерді бірнеше рет көтерген.

Шағынауданға арнайы барып, тұрғындардың ұсыныстарын ескерген қала әкімі маңызды шешім қабылдады. Көксайды жаңарту жобасы алғаш рет нақты іске асуда. Бұған дейін қала әкімінің тікелей араласуымен тұрғындармен кездесу өтіп, олардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілген болатын.

Тұжырымдаманың алғашқы кезеңі — көппәтерлі үйлерді жаңарту бағдарламасы бойынша тұрғындарды ескі үйлерден жаңаларына көшіру. Бүгінге дейін 9 көппәтерлі үйден 83 отбасы жаңа баспаналы болды.

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұрлыбаев көшесінде тұратын тағы сегіз отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстады. Қала басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, қуаныш иелеріне бақ-береке, жайлы ғұмыр тіледі. Әрленген пәтерлердің бөлмелері бұрынғы пәтерлердің бөлме санына сәйкес келеді.

Тұрғындар толық қоныс аударғаннан кейін аудандық әкімшілік ғимаратын, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, әлеуметтік нысандарды, көппәтерлі үйлер мен саябақтарды салу, қолданыстағы мектепті кеңейту, сондай-ақ Көпфункционалды сауда-логистикалық орталығын құру жоспарлануда.

Шағынауданды жаңғырту тұжырымдамасын іске асыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоба қала инфрақұрылымын жаңартуда ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруда да маңызды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You