Сәрсенбілік брифинг: Шымкент қаласында әлеуметтік кәсіпкерлерге мемлекеттік грант конкурсы қарашада өтеді

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған жаңа мүмкіндіктердің бірі — әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мемлекеттік гранттар беру тетігі. Бұл бастама «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес жүзеге асырылуда.

Аталған құжат аясында кәсіпкерлерге «Бірыңғай кешенді бағдарлама» бойынша қайтарымсыз негізде 5 миллион теңгеге дейін грант беру қарастырылған. Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болып табылатын шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады.

Гранттар беру процесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрамы құрылып, конкурс «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Kezekte.kz» ақпараттық жүйесінде толық электронды форматта өтеді. Бұл жүйе арқылы өтінімдерді қабылдау мен құжаттардың толықтығын тексеру, комиссия отырысын ұйымдастыру және жобалар бойынша дауыс беру үдерісі толығымен автоматтандырылған.

Мемлекеттік гранттар конкурс негізінде, комиссия қорытындысы бойынша тағайындалады. Комиссия құрамына қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен салалық сарапшылар, ғылыми-білім беру мекемелері және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енеді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін комиссия отырыстары аудио және бейне жазбаға түсіріліп, процеске кемінде екі байқаушының қатысуы көзделген.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бұл конкурс 2025 жылғы қараша айында өткізіледі. Бағдарлама аясында бөлінетін гранттар халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын жұмысқа тарту, инклюзивті бизнес бастамаларды дамыту және өңірлік экономиканы жандандыруға серпін бермек.

Еске салайық, конкурсты ұйымдастырушы: Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Н. Назарбаев даңғылы 10. Электрондық пошта: msb_shymkent@mail.ru. Байланыс телефоны: 8 (7252) 24-74-22.

Конкурстың нысанасы: әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беру. Конкурс нысаны: ашық конкурс.

Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер беретін орны: «kezekte.kz» субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің веб-порталы.

Конкурстық құжаттаманы ұсыну тәртібі: конкурсқа қатысу үшін үміткерлер бекітілген нысан бойынша электрондық өтінімді және толық конкурстық құжаттар топтамасын ұсынады. Өтінім беру мерзімі: 2025 жылғы «29» қазаннан бастап 2025 жылғы «5» қарашаға дейін қоса алғанда. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін түскен өтінімдер қабылданбайды.

Конкурстық құжаттамамен өңірлік үйлестірушінің төменде көрсетілген ресми сайтында танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-kasipkerlik/documents/details/912184?lang=kk

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You