
2025 жылдың сегіз айында Кентау қаласында 278 неке қиылып, 1149 бала дүниеге келді.
Жас жұбайлар некелерін тіркеу үшін көбіне есте қаларлық күндерді таңдайды. Мәселен, қос тоғыз тоғысқан 9 қыркүйек күні 6 жұп шаңырақ көтерсе, 12 сәби дүниеге келген.
Маңыздысы, некеге тұру үшін өтінішті таңдаған күннен кемінде 15 күн бұрын беру қажет. Өтінішті АХАТ бөлімдерінде немесе электрондық үкімет порталында немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Онлайн қызмет тек Қазақстан азаматтарына қолжетімді, ал бөлімшелер арқылы өтінішті кез келген азамат бере алады.
Сондай-ақ, әрбір азамат салтанатты неке қию рәсімін ақылы түрде тапсырыс бере алады. Ол үшін АХАТ бөлімдеріне жүгіну немесе «ЦОН» мобильді қосымшасы немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтініш қалдыру жеткілікті.
Отбасы демекші, жуырда Кентау қаласында көпбалалы аналарға “Алтын алқа” және “Күміс алқа” төсбелгілері салтанатты түрде табысталды. Шара барысында қала әкімі Жандос Тасов аналарды құттықтап, мемлекет тарапынан аналарға көрсетіліп отырған қолдаулардың артып келе жатқанын атап өтті.
«Отбасының берекесі мен ұлттың болашағы – аналардың қолында. Көпбалалы аналардың еңбегі мен мейірімі, қоғамдағы ең үлкен құрметке лайық», — деп атап өтті.
Төсбелгі иегерлері еліміздің демографиялық дамуына, ұлт болашағына қосып жатқан үлестері орасан. Салтанатты жиын жылы лебіздер мен естелік суреттерге толы сәттермен ұласты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
