Кентау қаласындағы қоғамдық көліктерде электронды төлем қосымшасы енгізілді

Кентау қаласында тұрғындарға қолайлы әрі заманауи қызмет көрсету мақсатында қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізілген. Қала тұрғындары жол ақысын «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы оңай төлей алады.

Қазіргі таңда қала ішінде «Тұлпар-2030» мекемесі 11 бағытта 30 қоғамдық көлікпен қызмет көрсетіп келеді. 2025 жылы автопарк 4 жаңа шағын автобуспен толықтырылып, жаңартылған қоғамдық көліктердің үлесі 85 пайызға жетті.

Электронды төлем жүйесінің енгізілуі көлік қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, жолаушылар мен жүргізушілерге ыңғайлылық туғызады. Бұл жаңашылдық уақыт үнемдеуге және көлік сапасын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, жолаушылар «Avtobys» қосымшасы арқылы маршрутты, аялдамаларды және көлік қозғалысын онлайн режимде бақылай алады.

Мұндай цифрлық жүйелердің енгізілуі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Айтпақшы, осы ретте Кентау тұрғындарына құлаққағыс жасай кетсек, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап Кентау қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес Кентау қоғамдық көліктерінде жол жүру тарифтеріне өзгерістер енгізіледі.

Қала ішінде:

— «Avtobys» арқылы – 70 теңге;

— Қолма-қол – 100 теңге.

Оқушыларға:

— «Avtobys» арқылы – 35 теңге;

— Қолма-қол – 50 теңге.

Қала маңы бағыттары:

— №200 «Кентау–Ащысай» – 250 теңге. Оқушыларға — 125 теңге;

— №201 «Кентау–Қарнақ» – 150 теңге. Оқушыларға — 75 теңге;

— №203 «Кентау–Саяжай» – 150 теңге. Оқушыларға — 75 теңге.

Жол ақысын ыңғайлы әрі тиімді төлеу үшін «Avtobys» қосымшасы мен көлік карталарын пайдалана аласыз. Көлік карталарын сатып алу мекенжайы: Қонаев көшесі, 19 (Орталық алаң). Бағасы – 550 теңге.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You