
Созақ ауылында «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысты. Жаңа орталықтың жұмысымен танысып, маңыздылығына тоқталып өтті.
– Бүгін ашылып отырған бұл орталық елді мекен тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, зейнеткерлер мен ерекше жандардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасайды. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жалғасын табады, – деді аудан басшысы.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қырықбаев пен облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев қатысып, орталықтың әлеуметтік маңызын жоғары бағалады.
Сонымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы, Созақ ауылының қариясы Мұрат Жақсыбаев сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар үшін тұрғындар атынан алғыстарын жеткізді.
Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік нысан зейнет жасындағы ардагерлер мен 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Мұнда бір мезетте 30-ға дейін адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Созақ ауылына жақын аумақта орналасқан ауыл қариялары да қызмет алуға болады.
Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс алаңдары, массаж кабинеті, бильярд пен шахмат ойнауға арналған бөлмелер қарастырылған. Барлық жағдайлар азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары орталықтың ішін аралап, қызмет түрлерімен танысты.
Жалпы, бүгінде елімізде 120-дан астам белсенді ұзақ өмір сүру орталығы (БҰӨО) жұмыс істейді, олар қалаларда да, ауылдарда да ашылып жатыр. 2024 жылы орталықтардың қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттерден бөлінген жалпы қаражат көлемі 5,9 миллиард теңгені құрады. Биыл бұл мақсатқа 6,7 миллиард теңге қарастырылған.
2017 жылдан бастап Қазақстан ресми түрде халқы қартайып жатқан елдердің қатарына кірді. Бүгінде 65 жастан асқан адамдар халықтың 9,2%-ын құрайды – бұл шамамен 1,87 миллион адам. Салыстырар болсақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 6,8% болған.
Қарттарымызға қамқорлық көрсету, белсенді және мәнді өмір сүру үшін жағдай жасау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті 2020 жылы республикада алғашқы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. 2021 жылы аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары қабылданды. Оның аясында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ведомствоаралық комиссия құрылды және белсенді ұзақ өмір сүру индексі есептелді.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. БҰӨО-ның қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), егде жастағы адамдардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қазақстандық қоғамның өміріне қатысуға бағытталған.
Орталықтар жұмысын бастағалы бері 20 мыңнан астам іс-шара өткізілді, 3,8 мыңнан астам қызмет көрсетілді – олардың қатарында медициналық, психологиялық, мәдени және білім беру қызметтері бар. Мұның бәрі егде жастағы адамдарға белсенді болуға, денсаулық пен көңіл-күйді жақсартуға көмектеседі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
