Түркістан облысында азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, оны тұрақтандыру үшін апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылады

Түркістан облысында азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, оны тұрақтандыру үшін апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Кестеге сәйкес, жәрмеңке әр жұма күні қала аумағындағы секторларда өтуде. Жәрмеңке сөрелерінен өңір аумағындағы шаруалардың өнімдері, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және жергілікті кәсіпкерлер ұсынған ет-сүт өнімдері, қаймақ, жұмыртқа 30-50% арзандатылған бағада саудаланады.

Қолжетімді бағадағы тауарларды сатып алуға келген қала тұрғындарына апта сайын 30 тоннаға жуық ауыл шарушылығы өнімдері сатылуда. Мәселен, картоп – 140 теңге, пияз – 85 теңге, сәбіз – 140 теңге, нан – 80 теңге, жұмыртқаның данасы – 45 теңге, қырыққабат 100 теңгеден саудалануда. Сондай-ақ сиыр етінің бағасы – 2600 теңге, тауық еті – 1100 теңге. Сонымен қатар тұрақтандыру қоры арқылы сиыр етін өндіруші шаруашылықтарға айналым схемасы бойынша жеңілдетілген займдар берілген.

Бүгінде 6 шаруашылық әр сейсенбі сайын орталық «Қуаныш» базарында сиыр етін 2600 теңгеден 8 сауда нүктесінде ұсынып келеді. Мемлекеттік қолдау алушы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және шаруашылық өкілдері үшжақты меморандум негізінде нарыққа арзандатылған ет-сүт өнімдерін шығарып отыр. Бұдан бөлек, әлеуметтік дүкендерде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар ұсынылған. Сондай-ақ сауда орындарындағы «Әлеуметтік бұрыштарда» тұрақтандыру қорының өнімдері нарықтан 30–50% төмен бағамен сатылуда. Түркістан облысында 40 әлеуметтік дүкен болса, оның 30-ы облыс орталығы Түркістан қаласында орналасқан.

Жалпы, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары екі механизм бойынша іске асырылады. Біріншісі – айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз (займ) беру. Екіншісі – форвардтық келісімшарт негізінде тауар өндірушілерден тікелей сатып алып, тұрақтандыру қорының қоймаларында сақтау және белгіленген бағада саудаға шығару.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You