Отырар ауданы: Маяқұм ауыл округінің халқы атқарылар іргелі істердің болашағына сеніммен қарайды

Биыл Маяқұм ауыл округіндегі бірнеше көшелер жөндеуден өтіп, абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Атап айтқанда, ұзындығы 750 метр болатын Е.Әнетбеков көшесіне, ұзындығы 690 метр болатын Р.Мырзабеков және Т.Сыздықов көшелеріне, сондай-ақ ұзындығы 580 метр болатын Ә.Баймбетов, С.Сейтбеков көшелеріне асфальт төселген.

Ауыл округіндегі мекемелер мен «Жасыл аймақ» және жол бойына жалпы 2000 түп көшет егілген. Сонымен қатар Қостерек елді мекеніндегі 30 бағана мен 1 трансформатор, Бестам елді мекеніндегі 1 трансформатор мен 20 бағана ауыстырылып, жаңартылған. Жыл соңына дейін Ө.Жәнібек пен Әліпбек ата көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

Ауыл тұрғындары үшін өзекті болып келген ауыз су мәселесі де ағымдағы жылы шешімін таппақ. Елді мекендегі ауыз су мәселесі бұған дейін ауданы әкімінің халықпен кездесуі барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Аталған мәселеге байланысты бүгінгі таңда ауылдағы ауыз су жүйелерін жөндеу мен ауыз су ұңғымасын қазу, жақын елді мекендерге баратын ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары атқарылуда.

Қазан айында аудан әкімімен кездесу барысында ауыл тұрғындары өзге де өзекті мәселелер бойынша көкейдегі сауалдарын қойып, тиісті бөлімдер мен жауапты мамандар тарапынан жауап алынды. Кейбір мәселелерді аудан басшысы бақылауға алып, мерзіміне қарай заң аясында жауап берілетінін атап өтті.

Кездесуден соң аудан әкімі Маяқұм ауылындағы ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын аралап көрді. Мердігер мекеменің өкілдеріне тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе айтып, тиісті жұмыстарды сапалы әрі бекітілген кесге сәйкес жүргізуді тапсырып, жауапты орынбасарына бақылауға алуды тапсырды.

Орайы келгенде еске салар жағымды жаңалық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» екенін айтып, ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керектігін тапсырған-ды. Ал, биыл Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын әлеуметтің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдану арқылы шешуге бағыттады.

Қазіргі таңда Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы және «Jusan Mobile» АҚ арасында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде байланысы мүлдем жоқ елді мекендерге ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарын пайдалану көзделді. Жуырда Отырар ауданының Қостерек елді мекенінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қоғамдық Wi-Fi интернетін тарататын заманауи «OneWeb» спутниктік жүйе станциясы орнатылып, іске қосылды.

Іске қосылған жүйені Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Jusan Mobile» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша директоры Нұрбол Баураевтар таныстырып, технологияның мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Jusan Mobile» АҚ-ның өкілі Түркістан облысы бойынша байланысы жоқ және мүлдем төмен Арыс қаласының Бұлақ, Ақтас, Дарбаза және Қазығұрт ауданының Өгем, Келес ауданының Тартоғай, Түлкібас ауданының Иірсу, Шардара ауданының Құйған, Отырар ауданының Қостерек ауылдарында заманауи «OneWeb» спутниктік жүйесін орнатып, қоғамдық Wi-Fi интернеті жергілікті тұрғындардың қолдануына берілгенін жеткізді. Ал, аудан әкімінің орынбасары аудандағы байланысы төмен ауылдарды кең жолақты интернетке қолжеткізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Облыстық әкімдік және оператор арасында атқарылған жұмыстарға ауыл тұрғыны Сындарқұл Арғынбай өз пікірін білдіріп, ігі істің басында жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Айта кетсек, қараша айында жеке инвестор есебінен базалық байланыс станциясын іске қосу жоспарланған болатын. Аталған байланыс станциясы арқылы ауыл тұрғындары толық қолжетімді байланыспен қамтылатыны анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You