Түркістан облысы: Созақ ауданында Тәуелсіздік күніне орай бірнеше отбасы баспаналы болып, әлеуметтік-спорттық нысандар халық игілігіне берілді

Бабата елді мекенінде аз қамтылған отбасыға тұрғын үй табысталды

Енді рет-ретімен баяндайық. Бүгін Бабата елді мекенінде аз қамтылған отбасыға «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы мақсатта ауылға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жаңа баспананың кілтін табыстап, үй иесін қоныс тойымен құттықтады.

Салтанатты шара барысында ауыл қариясы Садық Әбдірашұлы аталған игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар баспана иесінің қуанышын бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, Бабата елді мекенінде табысталған тұрғын үй барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Атап айтқанда, су және жылу жүйелеріне арналған жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйесі толық орнатылған. Сонымен қатар, 20 сотықтан астам жер телімі арнайы шарбақпен қоршалып, қора-жайы қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Шолаққорған ауылында 16 отбасы баспаналы болды

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. «Жеткіншек» шағын ауданында бой көтерген 2 қабатты тұрғын үйде 16 пәтер бар. Бұл пәтерлердің кілттері апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарына табысталды.

Тұрғын үйдің құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов әлеуметтік маңызы жоғары жобаның аудан дамуына қосар үлесін атап өтті. Ұлттық компания өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.

– Апатты үйлердің мәселесін шешу – басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін Қазатомөнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, «КАТКО» және «Қазатомпром-Сауран» басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар «КАTКО» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл сөз алып, компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Жаңа тұрғын үй аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынды. Пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Инженерлік желілермен толық қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, талаптарға сай әрленген.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Созақ ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ спорт кешенінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданда спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік береді, – деген аудан басшысы спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді.

Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа спорт нысаны ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне тілектестік білдірді.

Ауыл қариясы, ауданның Құрметті азаматы Биімбет Байғараев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың болашағы үшін маңызды нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.

Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ғимараттың жалпы көлемі – 1356 шаршы метр. Екі қабатты нысанда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жаттығу залдары орналасқан. Бұған қоса медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған. Кешен аумағы толық қоршалып, ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгідегі металпанельдермен қапталған.

Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына және бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданында екі бірдей спорттық нысан пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін үлкен қуанышқа айналды. Созақ ауылында заманауи спорт кешені іске қосылса, Жартытөбе ауылында жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды жаңа спорт нысанының іске қосылуымен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

Бұқаралық спортты дамыту мен жастарға қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бүгін еліміз үшін аса қастерлі мерекенің бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа спорт нысанын ашып отырмыз. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда. Аядай ауылдардан талай чемпиондар шығып, еліміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатып жүр. Спортқа қолжетімділік арта түссе, ауданымыздан әлі де талай биіктерді бағындыратын спортшылар шығатынына сенім мол. Бүгін ашылған алаң ауыл жастарының үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа спорт нысанының ауыл жастары үшін маңыздылығын атап өтті.

Ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Мадияр Бейсенбеков жаңа алаңның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, игі іске сәттілік тіледі.

Шараға арнайы қатысқан Жартытөбе ауылынан шыққан спорт саңлақтары, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Таңат Нөсербаев ауыл жастарына жасалған жағдайға жоғары баға берді.

Сонымен қатар, ауыл тумасы, кәсіпкер Дәулет Дүйсебай ауыл жастарына футбол доптары мен жаттығуға қажетті спорттық жабдықтарды сыйға тартты.

Жаңа спорт алаңы барлық қажетті стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, қауіпсіздік қоршаулары, ойыншыларға арналған жылы киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған. Нысан аумағы толық асфальтталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Құмкент ауылдық округінде «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ашылды

Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік және спорттық нысан ашылып, тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, одан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы есігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкентте атқарылған ауқымды жұмыстар үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.

Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл нысан зейнет жастағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге Қызылкөл елді мекенінің қариялары да осы орталықтың қызметін пайдалана алады.

Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойындарына арналған орындар мен шәй ішіп, еркін демалуға арналған асүй жабдықтары қарастырылған.

Жиын соңында тұрғындар жаңа орталықтың ішін аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты және өз ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, биыл дәл осындай орталық аудан орталығынан бөлек, Созақ ауылында да ашылды. Бұл жұмыстар әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, ардагерлерге көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін кеңейтіп келеді.

Соңғы жылдары зейнет жасындағы адамдардың арасында белсенді өмір сүру орталықтарының танымалдығының артуы белең алып отыр. Бұндай орталықтар еліміздің барлық облыстарында, ірі қалаларында 2021 жылдан бастап қарқынды ашыла бастады. 60-тан асқан азаматттарымыздың кездесетін жерлері жылдан жылға көбейіп келеді. Зейнеткерлердің өмірге деген құштарлығын арттырып, жаңа таныс пен ынта табуға көмектесіп отыр.

Егде жастағы зейнет жасындағы азаматтарымызды әлеуметтік қолдау қоғамның мәдени өміріне қатыстыру, дене шынықтыру мен спортқа, белсенді шараларға тарту арқылы жүзеге асып жатыр.

Қазақстанда белсенді ұзақ өмір сүру орталығы алғаш рет 2018 жылы Алматы қаласында ашылған. Белсенді ұзақ өмір сүрудің негізгі бағыттарына:

  1. денсаулық- салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру және қамқорлық пен күтімге мұқтаж барлық адамдар үшін медициналық және әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;
  2. қатысу — аға буын азаматтарының негізгі адам құқықтарына, қабілеттеріне, қажеттіліктері мен қалауына сәйкес әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани қызметке толыққанды қатысуына жәрдемдесу;
  3. қорғалу — адам құқықтары мен адамдардың әлеуметтік, қаржы салаларында қажеттіліктерін қамтамасыз ету, оған мұқтаж адамдарды қорғау, қадір-қасиетін сақтау және қамқорлық кепілдігін қамтамасыз ету жатады.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» принципі негізінде 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс.

Орталықтарда қарттарымыздың денсаулығын жақсарту мақсатында йога, скандинавтық жүріс, айкүне сабақтары, компьютерлік сауаттылықты ашу мақсатында IT және smart курстары, шет тілдері сабақтары өтеді. Сонымен қатар, жылжымалы шараларды ұйымдастырылып, мәдени нысандарға барады, тақырыптық кештер мен концерттер өткізіледі.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының негізгі басымдықтарының бірі — қарт адамдардың денсаулығын күту. Әрбір орталықтың штатында дәрігер, психолог, нутрициолог және геронтолог бар, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары сапалы медициналық көмек пен кеңейтілген кнсультациялар беру үшін медициналық ұйымдармен және медициналық жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Сондай-ақ, физикалық белсенділік жаттығуларын ұйымдастылып, салауатты өмір салтын насихаттайтын және аурулардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You