Шымкенттегі субұрқақтар шаһардың сәні мен сәулетін ашып, экожүйеге оң әсер беріп тұр

Loading

Шымкентте жыл сайын қала тұрғындарының бос уақытын қызықты өткізуіне жасалған жағдай жақсарып келеді. Соның бір бағыты – сазды субұрқақтар.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде бүгінде 58 субұрқақ бар. Олардың қатарында 4 музыкалық және 8 би элементтерімен ерекшеленетін заманауи субұрқақ та бар. Бұл нысандар мегаполистің келбетін айшықтап қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, субұрқақтарды күтіп-ұстау және санитарлық тазалау жұмысы жүйелі әрі күшейтілген режимде жүргізілуде. Әр субұрқақ айына үш рет арнайы тазаланып, техникалық жағдайы тұрақты бақылауда ұсталады. Бұл жұмысқа 20-ға жуық білікті маман жұмылдырылған.

Субұрқақтардың жұмыс кестесі туралы да айта өтейік. Күн сайын сағат 08:00 – 10:00; 11:00 – 13:30; 15:00 – 17:00; 18:00 – 20:00; 21:00 – 00:00 аралығында. Ал Көл аймағындағы субұрқақ сағат 20:00 мен 22:00 аралығында үзіліспен жұмыс істейді.

Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарына сәйкес әрбір субұрқақ маңына шомылуға тыйым салынатыны туралы ескерту тақтайшалары орнатылған. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар қала аумағындағы қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен эстетикалық келбетін сақтауға, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Жалпы, Шымкент қаласының аумағында бүгінде 65 нысанда орналасқан 86 субұрқақ қала келбетінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Олардың 41-і Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде болып, жыл бойы бекітілген кестеге сәйкес тұрақты әрі үздіксіз жұмыс атқарды. Қаланың инфрақұрылымын дамыту және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру мақсатында демеушілер есебінен қосымша 18 жаңа субұрқақ салынып, пайдалануға берілді. Бұл бастама қаланың эстетикалық келбетін жақсартуға және қоғамдық кеңістіктердің тартымдылығын арттыруға оң ықпал етті.

2025 жылы субұрқақтарды күтіп-ұстау жұмыстары жауапты мердігер мекеме «Alem Energo Stroy» ЖШС тарапынан жүргізілді. Мердігер ұйым өз қаражаты есебінен 5 субұрқаққа қайта құру жұмыстарын жүргізіп, 93 сорғыны жаңартты.

Маусым бойы қала аумағындағы субұрқақтар айына кемінде үш рет жуылып-тазартылып, суы жаңартылып отырады. Сонымен қатар сынған бөлшектер мен гранит тақтайшалар ауыстырылып, істен шыққан сорғылар мен жарықшамдар қалпына келтіріледі.

Барлық субұрқақтар белгіленген тәртіпке сай қысқы сақтауға қойылып, 2026 жылдың көктемінде қайта іске қосылды. Бұл жұмыстар қала инфрақұрылымын ұқыпты күтіп-ұстау мен Шымкенттің көрікті келбетін сақтауға бағытталған жүйелі еңбектің айқын көрінісі екені сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You