Шымкент: Судағы қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі

Loading

Шымкент қаласында шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, биыл республика бойынша суға бату деректері тіркеліп отыр. Оның ішінде жасөспірім балалар да бар. Ал Шымкент қаласында 2026 жылдың басынан бері су айдындарында жазатайым оқиға тіркелмеген. Қазіргі таңда қала аумағында жаппай демалыс пен су спортына арналған 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде 3 жерде суға түсуге рұқсат берілген. Сонымен қатар, 20-ға жуық аквасаябақ пен бассейн халыққа қызмет көрсетуде.

Жыл басынан бері құтқарушылар мен полиция қызметкерлері бірлесіп 101 рейд өткізіп, 13 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қауіпсіздік ережелері бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, LED экрандар және 112 қызметі арқылы тұрғындарға тұрақты түрде ескертілуде. Демалыс және мереке күндері бақылау жұмыстары күшейтілген режимде өтуде. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Әсіресе, тыйым салынған аумақтарда шомылу, балаларды қараусыз қалдыру қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты рейд барысында заң талаптарын бұзған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті баптарына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Шымкент қаласында жазғы шомылу маусымына дайындық және қауіпсіздік шаралары қарқынды жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, негізгі мақсат – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлескен түсіндіру жұмыстары жалғасады.

Мамандардың айтуынша, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың басты жауапкершілігінің бірі. Әсіресе, жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Себебі судағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан орын алады. Республика бойынша соңғы деректер де бұл мәселенің өзектілігін көрсетіп отыр. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда елімізде 688 адам суға кетіп қаза тапқан. Оның 151-і – балалар. Ал өткен жылғы шомылу маусымының алғашқы айларында ғана 62 адам көз жұмып, олардың 24-і кәмелетке толмағандар болған.

Осыған байланысты тұрғындарға тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылу, балаларды қараусыз қалдырмау және мас күйде суға түспеу ескертіледі. Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге басымдық берілмек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You