Түркістандағы әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі — бағаны тұрақтандырудың тиімді тетігі

Loading

Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кезекті жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға күнделікті тұтынатын өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігі ұсынылды. Қолөнершілер қалашығының Шығыс базары аумағында өткен жәрмеңкеде жергілікті шаруа қожалықтары, өңдеуші кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыға ұсынды.

Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарықтағы бағадан төмен құнмен сатылуы. Мұнда сиыр, қой және құс еті, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, өсімдік майы, көкөніс, жеміс-жидек, жарма және басқа да күнделікті сұранысқа ие тауарлар тұрғындарға тиімді бағамен ұсынылды. Бұл әсіресе көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және әлеуметтік осал топтарға отбасы бюджетін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мұндай жәрмеңкелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфляцияны тежеу жөніндегі тапсырмаларымен сабақтас. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында бағаны әкімшілік жолмен емес, нарықтық тетіктерді тиімді пайдалану, отандық өндірушілерді қолдау және өнімді тұтынушыға делдалсыз жеткізу арқылы тұрақтандыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 түрлі өнім кіреді. Олардың бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлерде тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді, «айналым схемасы» арқылы сауда желілеріне жеңілдетілген қаржы бөлінеді, ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп келеді. Осындай шаралардың нәтижесінде ішкі нарықтағы баға құбылысын тежеуге және тұрғындарды сапалы өніммен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалуда.

Түркістандағы жәрмеңке тек халық үшін тиімді сауда алаңы ғана емес, жергілікті тауар өндірушілер үшін де өз өнімдерін өткізіп, тұрақты тұтынушылар қатарын кеңейтудің тиімді мүмкіндігі саналады. Делдалдардың қатысуын азайту өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өндіруші мен сатып алушы арасындағы тікелей байланысты нығайтады. Бұл өз кезегінде өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің жаңа арналарының қалыптасуына ықпал етеді.

Бүгінде Түркістан облысы — республикадағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Сондықтан жергілікті өнімнің үлесін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы мұндай жәрмеңкелердің әлеуметтік маңызы артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, халыққа қолжетімді баға ұсынып қана қоймай, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал ететін осындай бастамаларды тұрақты өткізу ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтаудың тиімді құралдарының бірі болып қала береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You