Отырар ауданында спорт саласының білікті мамандары мен еңбек адамдары марапатталды

Loading

Отырар ауданында азаматтардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорт саласындағы білікті кадрларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында спорт инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, жас спортшыларды баптауда еселі еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар мен сала мамандарының біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы нәтижелі жұмыстарды қорытындылау және өз ісінің шеберлері – еңбек адамдарын ұлықтау мақсатында Шәуілдір ауылында спорт саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға сала ардагерлері, жаттықтырушылар, жас спортшылар мен мамандар қатысты.

Жиында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы сөз сөйлеп, ауданда спорттық кадрларды даярлаудың сапасы артып келе жатқанын атап өтті.

– Спорттағы жоғары нәтижелер – ең алдымен жаттықтырушылар мен сала мамандарының қажырлы еңбегінің жемісі. Ауданымызда заманауи спорт кешендерімен қатар, білікті кадрлар құрамын қалыптастыру, жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру және оларды әлеуметтік қолдау — басты назарда, – деді аудан әкімі.

Салтанатты шара аясында еселі еңбегімен танылған бірқатар сала мамандарына, жаттықтырушылар мен спортшыларға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ аудан әкімдігінің арнайы марапаттары табысталды. Бұл шара еңбексүйгіштік пен кәсіби шеберлікті насихаттаудың жарқын үлгісі болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You