Ордабасы ауданында бірнеше ауыл таза ауыз су тұтына бастады

Қараспан ауыл округіне қарасты Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ ауылдарында көптен күткен таза ауыз су жүйесі пайдалануға берілді.

Сәуір айында басталған жобаның жалпы құны 222,962 миллион теңгені құрайды. Жобаны «Карат-Z» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған.

Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиын барысында аудан басшысы сөз сөйлеп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

— Құрметті ағайын! Бұл – біздің аудан тұрғындары үшін үлкен жетістік. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту – біздің басты міндетіміздің бірі. Бүгін іске қосылған жоба – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтиже, — деді аудан басшысы.

Ауыл ақсақалдары елді мекенге таза ауыз су тарту ісіне ұйытқы болған аудан басшылығына және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Айта кетейік, бұл ауызсу құрылысы Ордабасы ауданында мемлекетке прокуратура органдары тарапынан қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған екі әлеуметтік жобаның бірі болып табылады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде Түркістан облысына қарасты қалалар 100% ауыз сумен қамтылса, ауылдық елді мекендердің қамтылу деңгейі 98,1%-ды құрап отыр.

2025 жылға тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы 66 нысанның құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Соның ішінде, осы жылы 38 нысанды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 28 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады.

Бірінші кезекте индикаторға енгізілген жобаларды аяқтау көзделіп отыр. Индикаторға облыс бойынша 30,8 мың халқы бар 30 елді мекен енгізілген. Қалған шалғайда орналасқан 8 елді мекен қолданыстағы су көздерімен (ұңғымалар, құдықтар) қамтылған. Қазіргі таңда 8 елді мекенде, яғни Сарыағаш ауданындағы 2 елді мекенге, Келестегі 4 елді мекенге және Шардара ауданындағы 2 елді мекенге кешенді блок модульдерін (КБМ) орнату көзделуде.

Облыс көлемінде су құбырымен қамтылған 756 елді мекен бар. Соның ішінде, 165 елді мекен – жерүсті суларымен, 591 елді мекен жерасты су көзімен қамтылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You