
Темірлан елді мекенінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау мақсатында жаңа әлеуметтік дүкен ашылды.
Жоба аудан әкімі Азат Оралбаевтың бастамасымен және тікелей қолдауымен жүзеге асырылды. Негізгі мақсат – тұрғындарды қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, бағаның тұрақтылығын сақтау және отандық тауар өндірушілерді қолдау.
Аудан әкімі дүкеннің жұмысымен арнайы барып танысып, кәсіп иесіне жергілікті ауыл әкімшілігімен бірлесе әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар тізіміне қарай тауарларды нарық бағасынан төмен бағамен ұсынуды тапсырды.
Жоба аясында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт жасалып, 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі жеткізіліп келеді. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпорындармен де әріптестік орнатылған. Олардың қатарында «Ордабасы құс»; «Ордабасы нан»; «Бөрте Милка»; «Инфрастрой ЛТД» ЖШС-лері бар.
Аталған кәсіпорындардың өнімдері дүкен сөрелерінде өндіруші бағасымен, яғни нарықтан шамамен 20 пайызға арзан сатылу үстінде.
Айта кетсек, аталған әлеуметтік дүкенде күнделікті тұтынылатын 18 түрлі азық-түлік өнімі қолжетімді бағада ұсынылған. Мысалы:
жұмыртқа (10 дана) – 450 теңге,
ұн (1 келі) – 190 теңге,
күріш (1 келі) – 350 теңге,
картоп (1 келі) – 130 теңге,
пияз (1 келі) – 65 теңге,
сәбіз (1 келі) – 110 теңге,
сұйық май (1 литр) – 610 теңге.
Бұдан бөлек, тұрғындардың бәріне тең мүмкіндік беру мақсатында әрбір сатып алушыға белгіленген арнайы шектеулі мөлшер енгізілген. Яғни, тауарлар қаптап емес, жеке қажеттілікке сай сатылады.
Аудан басшысы жауапты бөлімдерге баға тұрақтылығын және өнім сапасын ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
Жалпы, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Халықтың күнделікті тұтынатын негізгі азығы – нан, қант, май, ет пен көкөніс бағасы әр отбасының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан облыс әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі қолға алып, әрбір қадамды бақылауда ұстап отыр.
Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей халыққа ұсынуда. Мұндай шаралар тек бағаның тұрақтылығына емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытып, отандық кәсіпкерлердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп отыр. Ең бастысы тұрғындар азық-түлікті нарықтағыдан 20-30 пайыз төмен бағада сатып ала алады. Бұл — халықтың әлеуметтік жағдайына нақты қолдау.
Облыс аумағында 38 әлеуметтік дүкен тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда күнделікті тұтынатын тауарлар қолжетімді бағада саудаланып, әлеуметтік әлсіз топтарға айтарлықтай жеңілдік жасалып отыр. Әкімдік жанынан құрылған Тұрақтандыру қорының жұмысы да осы мақсатқа бағытталған.
Бағаны тұрақтандыру жұмысы тек уақытша шара емес, ұзақ мерзімді жоспарға негізделген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылау, халыққа қолжетімді бағада ұсыну билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға да ықпал етеді. Өйткені әр отбасы үшін асханадағы нан бағасы мен базардағы ет құны ең басты әлеуметтік көрсеткіштердің бірі. Ал Түркістан облысы осы бағытта алдыңғы қатарда келе жатқанын нақты деректер дәлелдеп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
